Жыл басынан бері Ұлттық қорға 855 млрд теңге түсіп, 2 трлн теңге алынған

Биылғы жылдың алғашқы 4 айында Қазақстанның Ұлттық қоры 1,16 трлн теңгеге немесе 3,5% қысқарған. Мұндай ақпаратты Қаржы министрлігінің дерегіне сүйеніп, inbusiness.kz сайты хабарлады. Сәуір айының аяғында Ұлттық қордағы қаражат көлемі 31,9 трлн теңгеге тең болған.

Министрлік келтірген мәліметке сәйкес, өткен төрт айда Ұлттық қордан бюджетке кепілдендірілген трансфертке 1,6 трлн теңге жұмсалған. Тағы 400 млрд теңге мақсатты трансфертке және 13,3 млрд теңге қорды басқару мен аудитке жұмсалыпты.

Жыл басынан бергі кезеңде Ұлттық қордың шығыны 2,01 трлн теңге болған.

"Осы уақытта қорға 854,9 млрд теңге түсті. Бұл қаражаттың 98,7% немесе 843,6 млрд теңгесі – мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салық. Оның ішінде корпоративтік табыс салығы – 429 млрд теңге немесе Ұлттық қорға түскен салықтың жалпы сомасының 50,9%. Тағы 234,8 млрд теңге немесе 27,8% жасалған келісімшарттар бойынша өнімді бөлудегі қазақстандық үлеске тиесілі. 2024 жылы Ұлттық қор небәрі 3,2 трлн теңгеге өсті. Егер 2024 жылдың басында Ұлттық қордың көлемі 29,8 трлн теңге болса, аяғында 33 трлн теңге болды. Жыл ішінде қордың кірісі 8,82 трлн теңгеге жетіп, 5,62 трлн теңгесі алынды", – деп хабарлайды Қаржы министрлігі.

Қазақстанда 2000 жылы құрылған Ұлттық қорға елдің қазба байлықтарынан түсетін қаражат жинақталады. Әу баста билік келешек ұрпақтың игілігіне жиналады деп жариялаған қор қаржысын үкімет бюджет бағдарламаларын орындауға жиі пайдаланады.