Украина президенті Владимир Зеленский украин әскері Ресейдің Курск және Белгород облыстарының "белгілі аудандарында" "белсенді қорғаныс іс-әрекетін" жалғастырып жатыр деп мәлімдеді. Бұл туралы ол 27 сәуір күні Украина қарулы күштері бас қолбасшысы Александр Сырскийдің баяндамасының қорытындысы бойынша әлеуметтік желідегі ресми парағына жазды.
Ол "кейбір бағытта күрделі күйінде қалып отырған" майдандағы жағдай Ресейді соғысты аяқтауға мәжбүрлейтін халықаралық қысым әзірге жеткіліксіз екенін көрсетеді деген.
Бұған дейін Ресей армиясы бас штабының бастығы Валерий Герасимов Ресей президенті Владимир Путинге Курск облысындағы украин әскерінің қолындағы соңғы елді мекен Горналь елді мекенін Ресей әскері бақылауға алды деп баяндаған. Ол Курск облысы "толық азат етілді" деп мәлімдеді. Былтыр тамыз айында украин әскері дендей енгелі бері ол облыста шайқастар жүріп жатқан еді. Герасимовтың баяндамасына орай Путин "Киев режимінің авантюрасы күйреді" және Украина қарулы күштері "орасан зор шығынға ұшырады" деп мәлімдеді.
Осының қарсаңында Украина қарулы күштерінің бас штабы "Курск облысының кейбір аудандарында" қорғаныс операциясы жалғасып жатқанын хабарлаған.
Майдандағы жағдайды бақылап отырған бірқатар ресейлік әскери блогерлер мен телеграм-арналардың мәлімдеуінше, Курск облысының кейбір шекаралас аумақтарында украин әскері әлі де бар. Алайда, блогерлердің барлығы дерлік бұл өңірдегі елді мекендердің бәрі Ресейдің бақылауында деп отыр. Бұл шекара маңындағы Горналь ауылында Ресей туын тіккен сәт көрсетілген видео да растайды.
Украиналық DeepState жобасы Герасимовтың Курск облысы аумағы түгелдей бақылауға алынғаны туралы мәлімдемесі шындыққа сай келмейтінін, өңірде шайқастар жалғасып жатқанын атап өткен. DeepState картасында облыстың шекаралас аудандарының бір бөлігі әлі де Украина бақылауындағы аумақ ретінде көрсетілген. Алайда украин әскерінің жағдайы онша емес деп жазды жоба.
Америкалық соғысты зерттеу институты (ISW) қақтығысқа қатысып жатқан екі тараптың да деректерін келтіргенімен, Ресей облыс аумағын толық қайтарып алғаны жөнінде кесімді қорытынды жасамаған. ISW картасында шекара маңындағы кейбір аумақтар тұрақты бақылаусыз аймақ ретінде белгіленген, бірақ олар Украина қарулы күштерінің бақылауындағы аумақ ретінде көрсетілмеген.
ISW мәліметінше, украин әскері 18 наурызда шабуыл бастаған Белгород облысында бірқатар позицияны әлі ұстап тұр. Герасимов Путинге баяндамасында Белгород облысындағы жағдай туралы айтқан жоқ. DeepState картасында Белгород облысының шекаралас аумақтарының бір бөлігі "сұр аймақ" ретінде, яғни тұрақты бақылаусыз аумақ деп көрсетілген. Мұндай мәртебе Украинаның Сумы облысының бір бөлігінде де бар. ISW деректері бойынша, кейінгі кезде Ресей әскері Сумы облысында төрт елді мекен мен шамамен 50 шаршы шақырым аумақты басып алған. Герасимов одан да үлкен аумақ жайлы айтып, ол жерде "қауіпсіздік аймағы" құрылып жатқанын мәлімдеді.
Украин әскері Курск облысындағы операциясын былтыр 6 тамызда бастаған еді. Олар айтарлықтай аумақты, соның ішінде Суджа ауданы орталығын басып алған болатын. Ресей әскері ол жерді қайтарып алуға жарты жылдан астам уақыт жұмсады.