Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путиннің Жеңістің 80 жылдығын атап өту кезінде атысты үш күнге тоқтату туралы ұсынысын қабылдамады.
Зеленский Путиннің ұсынысын "қойылым" деп атап, мұны "өзін оқшауланудан шығару үшін" жасап отыр деп мәлімдеді. Украина президенті атысты үш күнге емес, 30 күнге тоқтатуды ұсынды.
"Шартсыз атысты тоқтату – америкалықтар ұсынған модель. Біз сонымен жүріп келе жатырмыз. Сол мерзім немесе басқа – ертерек болғаны жақсы. Неге атысты 30 күнге тоқтату керек деп санаймыз? Себебі үш, бес, жеті күн ішінде ештеңені келісе алмайсың" деді Зеленский. Оның сөзінен "Интерфакс-Украина" үзінді келтіреді.
Зеленскийдің пікіріне реакция білдірген Кремльдің өкілі Дмитрий Песковтің мәлімдеуінше, украин билігінің Ресей басқыншылығына реакциясы – бұл бейбітшілікке дайындық тесті еді.
"Екіұштыдан гөрі – кесімді мәлімдемелерді, ең бастысы – мереке күндері шиеленісті азайтуға бағытталған әрекеттерді күтеміз" деді Песков.
Украина басшысы бүгін журналистерге Ватиканда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу қалай болғанын айтты.
"Біздің команданың жұмысына құрметім зор, бірақ бетпе-бет форматы меніңше, тиімді болды. Бізде әңгіме ауаны дұрыс бағытта өрбіді" деді Зеленский.
Оның сөзінше, осы кездесуден кейін Трамп "барлығына басқаша қарай бастаған".
Зеленский мен Трамп 26 сәуірде Ватиканда кездескен. Олар Рим папасы Францискімен қоштасу рәсіміне барған. Екі басшы 28 ақпан Вашингтонда дауласып қалғаннан кейін алғаш рет бетпе-бет кездескен. Зеленскиймен келіссөзден кейін Трамп Ресей басшысы Владимир Путинді соғысты тоқтатқысы келмегені үшін сынаған.
28 сәуірде Владимир Путин 8 мамырға қараған түннен бастап үш күн әскери қимылды тоқтататынын мәлімдеген. Ал Киев атысты мүлде тоқтатуды ұсынған еді.
Путиннің мамырда бірнеше күнге атысты тоқтату туралы ұсынысына реакция білдірген Ақ үй өкілдері "уақытша емес, атысты тұрақты түрде тоқтатуға" шақырған.