АҚШ президенті Дональд Трамп 4 мамырда NBC News арнасынан көрсетілген сұхбатында Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату туралы бейбіт келісімге қол жеткізуге болады деп сенетінін айтты.
Киев пен Мәскеу бейбіт келісімге келуге қаншалықты жақын тұр деген сұраққа АҚШ президенті "үмітім бар" деп жауап қатты. "АҚШ бұл мақсатқа жетуге тараптардың бірімен жақын, ал екіншісімен онша жақын емес" деді Трамп. Алайда ол Ресей мен Украинаның қайсысын меңзегенін нақтыламады. Бұған қоса Трамп соғысушы тараптар өшпенділік кесірінен бейбіт келісімге қол жеткізе алмауы да мүмкін екенін айтты.
"Мұнда үлкен өшпенділік бар, біз екі кісінің (Украина мен Ресейдің президенттерін меңзеген сияқты – ред.) арасындағы өшпенділік жайлы айтып отырмыз, сондай-ақ кейбір сарбаздардың, шынын айтқанда, генералдардың арасында да ондай бар, олар үш жылдан бері соғысып жатыр", – деді Дональд Трамп.
Келіссөздер процесінен шығу жайлы шешімді қашан қабылдауыңыз мүмкін деген сұраққа Трамп ондай уақыт [бейбіт келісімге көндіру әрекетінен] ештеңе өнбейтінін түсінген кезде келеді деп жауап берді. АҚШ президенті ондай күн туса оларға "ақымақ болуды жалғастыра беріңдер" деп айтамын деді. Ол тіпті бірнеше рет солай жасауға оқталғанын, бірақ кейіннен оң өзгерістер байқалғанын айтты.
Жексенбі күні NBC News арнасынан көрсетілген сұхбатында Дональд Трамп Ақ үйдегі билік басына үшінші мерзімге қайта сайлануға "жеткілікті қолдауы" бар болғаныменр, ондай мүмкіндікті шындап қарастырмайтынын да айтты. "Бұл мен қалаған нәрсе емес", – деді Трамп өзімен сұхбат құрған Кристен Уэлкерге. АҚШ президентінің сөзінше, ол "керемет төрт жыл өткізіп, билікті ұлы бір республикашылға тапсыруды" мұрат тұтады. Сұхбат барысында Трамп вице-президент Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубионың жақсы жұмыс істеп жатқанын атап өтті, бірақ "мұрагер туралы айтуға әлі ерте" деді.
- Өткен аптада АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс Вашингтон Украина мен Ресей арасындағы қатынасты бейбіт реттеуге қатысты ұстанымын өзгертіп жатыр және АҚШ бұдан былай келіссөзге араағайын болу үшін "бірінші шақырту алысымен жахан кезіп ұша жөнелмейді" деп мәлімдеген. Брюстің сөзінше, мемлекеттік хатшы Марко Рубио АҚШ-тың қатысу форматы өзгеретінін ашық айтқан, дегенмен бейбіт бастамаларға қолдау көрсетіле бермек. Кейінгі апталарда Рубио, вице-президент Джей Ди Вэнс және Трамп АҚШ бұдан былай келіссөздерде белсенді араағайын болмауы мүмкін екенін бірнеше рет айтқан.
- АҚШ Конституциясының 22-түзетуінде: "Ешкім президент қызметіне екі реттен артық сайлана алмайды" деп жазылған. Трамп қазір президент ретінде екінші мерзімінде қызмет атқарып жатыр. Алайда наурыз айында ол президенттікке қайта келу жайлы сөз болған кезде "мен қалжыңдап отырған жоқпын" деп мәлімдеген еді. Ол кезде Трамп түсініктеме бермей, "ондайға мүмкіндік беретін әдістер барын" да айтқан.