Ресми Пхеньян өз әскері Ресей жағында Украинаға қарсы соғысқа қатысып жатқанын алғаш рет растады. Бұл туралы Ресей қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимов Курск облысындағы шайқастарға солтүстіккореялық әскери қызметкерлер қатысқанын мәлімдегеннен кейін белгілі болды.
Солтүстік Кореяның орталық телеграф агенттігі жариялаған ақпаратта ел басшысы Ким Чен Ын "Ресей тарапын" екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шарттың 4-бабында көрсетілген ахуал туындағанынан "хабардар еткені" жазылған. Ол бапта агрессия болған жағдайда әскери көмек көрсету туралы айтылған. Солтүстік Корея өз сарбаздарын Ресейге жіберетінін мәлімдеген. Хабарламада Курск облысын өңірге басып кірген украин әскерінен "азат ету операциясы" сәтті аяқталғаны, ал Пхеньянда жақын арада "Солтүстік Кореяның даңқты ұлдарының ерлігін мәңгі есте сақтау үшін" ескерткіш орнатылатыны және қаза тапқан жауынгерлердің қабіріне Отан мен халық атынан гүл қойылатыны" айтылған. Хабарламада Солтүстік Корея әскерінің шығындары жайлы мәлімет жоқ.
Сенбі күні Герасимов Путинге Курск облысындағы жағдай жайлы баяндап, "солтүстіккореялық сарбаздар аймақты азат ету ісінде айтарлықтай көмек көрсеткенін" мәлімдеді.
Герасимовтың бұл мәлімдемесі Солтүстік Кореяның Ресейге әскер жібергенін алғаш рет ресми растау болды. Былтырғы күзден бері Оңтүстік Корея, АҚШ және басқа да Батыс елдері, сондай-ақ Украина Солтүстік Корея әскерін Ресейге Украинамен соғысуға көмекке жібергені жөнінде бірнеше рет хабарлаған болатын. Мәскеу мен Пхеньян бұл ақпаратты растамағанымен, оны тікелей жоққа да шығармаған еді.
Дүйсенбі күні Путин Курск облысында шайқасқан Солтүстік Корея армиясының әскери бөлімшелеріне алғыс білдірді. "Біз Отанымызды өз Отанындай ресейлік жауынгерлермен иық тірестіре қорғап соғысқан кореялық жауынгерлердің ерлігін, жоғары деңгейдегі арнайы дайындығын және жанкештілігін жоғары бағалаймыз", — делінген Кремльдің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде. Путин Ресейде "Ресей үшін өмірін қиған кореялық қаһармандарды... ресейлік қарулас бауырларымен бірге" құрмет тұта еске алатынын мәлімдеді.
Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы бір-біріне әскери көмек көрсету туралы шартқа былтыр маусым айында Путин Пхеньянға барғанда қол қойылған. Тамыз айында украин әскері Ресейдің Курск облысында операция бастап, едәуір аумақты басып алды. Қазан айында Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы шарт ратификацияланды және сонымен бір мезгілде алдымен Солтүстік Корея Ресейге әскер жібергені, кейін олардың шайқастарға қатысқаны туралы хабарлар тарай бастады.
Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Солтүстік Кореяның Ресейге жіберген әскери контингентінің саны 10 мыңнан асып кетті және олар зор шығынға ұшыраған деп хабарлаған. Алайда шығын көлемі жөнінде тәуелсіз дереккөздерден анықтау мүмкін болмай отыр, Ресей де, Солтүстік Корея да ресми түрде шығын жайлы ешқандай мәлімет жарияламаған. Қаңтар айының басында украин әскері қолға түсірген солтүстіккореялық екі сарбаз Солтүстік Кореяның тұрақты армиясының жауынгерлері екенін растаған.
Солтүстік Корея әскері Украинаның Ресей басып алған аймақтарда соғысқаны жайлы мәлімет жоқ. Мәскеу мен Пхеньянның кейінгі мәлімдемелерінде тек Курск облысы, яғни халықаралық құқық бойынша Ресейге тиесілі аумақ туралы сөз болып отыр.
Хабарламаларда Курск облысындағы операция аяқталғаннан кейін Солтүстік Корея әскерінің Ресей аумағында қалары я қалмасы жөнінде нақты айтылмаған. Ал ресми Киев болса, ол өңірде шайқас әлі жалғасып жатыр деп отыр.