Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта жәбірленушілердің жауабы тыңдалды

Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотта сұрақтарға жауап беріп тұр. Талдықорған, 18 сәуір 2025 жыл.

Талдықорғанда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот жалғасты. 18 сәуірде жәбірленушілердің жауабы тыңдалды.

Бірінші болып Шерзаттың әжесі Жұмабике Қадырова сөйледі. Оның сөзінше, қайғылы оқиға болған күні Шерзаттың әжесі мен анасына Қаржаубай Нұрымов (Шерзаттың әкесі) хабарласып, олар дереу дүкеннің маңына жеткен.

“Мен таксиден түсіп жатып, жан-жағыма қарап, Шерзатты іздедім. Шерзат көрінген жоқ. Мен Нұрғанатты да, Қаржаубайды да іздеген жоқпын. Ол жерде осыншама көп топ болатынын, балалар үйіліп тұрады дегенді білген жоқпын. Немерем біреуді ұрып қойса, енді не де болса, кешірім сұрайын деп ойладым. Бірақ балам (Шерзат) жеткен адамның жағасына жабысатын бала емес. Боксқа қатысқаннан кейін ол өзінің ар-намысын қорғай біледі. Бәлкім біреу артық кетіп, ол қол жұмсаған шығар деп ойладым. Егер осыншама топ пышақпен келетінін білгенде жедел жәрдем шақырып, милицияға хабарлайтын едім деді әжесі.

Оның сөзінше, жиналған топ немересін ұра бастаған кезде Шерзатты көрген. Бірақ жете алмаған. Оны айыпталушылардың бірі итергеннен кейін құлап қалған.

Мен тұра алмай жатырмын, бірақ балаларыма қарасам – Шерзатты сол жерге барған адамның бәрі ұрып жатыр екен. Бір адам қалған жоқ ол жерде – қол көтермеген, аяғымен теппеген. Менің балама сүйтетіндей бұларға не істеп қойғанын әлі күнге дейін түсінбеймін. Менің балам түнде жүретін бала емес. Үйде жатқан бала жәй ғана зарядка үшін дүкенге кеткен еді, ол түнде қаңғып жүретін бала емес. Бірақ [топтың] оны өлтіру үшін барғандары анық болып тұр. Себебі үш машина болып келіп отыр. Дайындалып келіп отырған топ” деді әжесі.

Шерзат Полаттың әжесі Жұмабике Қадырова сотта сөйлеп тұр. 18 сәуір, 2025 жыл.

Ол жауап бергеннен кейін залдан шығып кетті. Ақпарат құралдарының жазуынша, ол есінен танып қалып, жедел жәрдем көлігі алып кеткен.

Бұдан соң Шерзаттың анасы Гүлбара Бишимбиева жауап берді. Оның сөзінше, сол күні енесімен дүкен алдына барған кезде топтасып тұрған 10-15 адамды көрген. Шерзат айыпталушылардың бірімен төбелескен. Ізінше топ Шерзат Полат пен Нұрғанат Ғайыпбаевқа жабылады. Өзі Шерзатқа жетпек болған кезде оны айыпталушылардың екеуі қолынан ұстап, жібермейді. Біреуі “сені де өлтіреміз” деп қоқан-лоқы жасайды.

“Жұлқынып, Шерзат жаққа жүгірдім. Сол кезде Шерзат артқа шегініп, құлайды. Оның аузынан бұрқ етіп қан аққанын көрдім. Барып жеткенде ол “мама, мына жағыма қарашы” деп сол жағын көрсетеді. Қарасам, пышақ сұғылғанын көрдім. Бұл кезде Нұрғанатқа да топ жабылып жатады. Оны ұрып тепкілеп болғаннан кейін бір кезде бізге қарай бет алды. Шерзаттың ауыр халде жатқанына қарамастан үш-төрт рет желке тұсынан ұрады. Менің айғайлап жатқаныма қараған да жоқ” деді Гүлбара Бишімбиева

Оның сөзінше, оқиға орнында екі қыз болған, олардан полиция мен жедел жәрдем шақыруды өтінгенде құр қарап тұрып, ештеңе жасамаған.

Ол ұлы мен Нұрғанат Ғайыпбаевтарға нақты кім пышақ сұққанын айтады, бірақ есімдерін шатыстырып алуым мүмкін деп ескертеді.

Мрқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов сотта жанжалдың қалай басталғанын баяндады. Оның сөзінше, ол 3 қазанда жұмыстан кейін кешкі сағат 9-10 шамасында дүкенге көмектесуге барған. Одан кейін айыпталушылардың бірі Дархан Әскентай мас күйінде келіп, сыра мен темекі сатып алған.

Қаржаубай Нұрымовтың сөзінше, ол шығып кеткеннен кейін дүкенге ұлы Шерзат пен досы Ахмет Махмет келіп, зарядка құрылғысы мен құлаққапты алуға келгенін айтқан. Шерзат досы Үрімшіге оқуға кететінін және оны шығарып салғысы келетінін жеткізген.

Оның сөзінше, осы уақытта Дархан Әскентай дүкенге қайта кіріп, Шерзаттың көзінше, әкесімен дөрекі сөйлескен. Бұдан соң Әскентай сыртқа шығып кеткен, оның соңынан Шерзат та ілесе шыққан.

“Терезе ашық болатын. Екеуінің жоғары тонда сөйлесіп жатқанын естіп қалдым. Артынан айналып бардым. Шығып үлгергенше балам ұрып жіберді. Екеуін ажыратып алдым. Ажыратқанда Дарханды былай алып кеттім. Балама ескерту жасадым. Дүкенге қайта айналып кіріп, Дарханнан кешірім сұрадым. Мен оған "жүр, ауруханаға апарайын" дедім. "Емін жасап берейін, ақыңды төлейін. Ішем десең ішімдігіңді берейін" дедім. Ол кешірмеймін, балаларды шақырамын, балаң жауап береді, балаңның денсаулығын қойып тастайды деп айтты” деді Қаржаубай Нұрымов.

Сот кезінде бұған дейін желіде қызу талқыланған "Хутор жігіттері" жөнінде де айтылды. Қаржаубай Нұрымовтың сөзінше, Дархан Әскентай соққыға жығылып, ол өзінің адамдарын шақырғаннан кейін оқиға орнына айыпталушылардың бірі Нұрбол Тоқтаубаев келген. Сөзінше, мас болған. Ол “Дархан Әскентайды кім ұрды?” деп сұраған. Нұрымов ұлын қорғау мақсатында “мен ұрдым” деп айтқан.

Тоқтаубаев “бізді танымайсыңдар ма? Біз Хуторскийдің жігіттеріміз” деп айтты деді оның сөзінен үзінді келтірген Нұрымов.

Кейін дүкен маңына адамдар жинала бастаған шақта Нұрымов 102 және 103-ке хабарласқанмен ешкімді ала алмаған. Бұдан соң Талғар аудананың жедел жәрдем меңгерушісіне хабарласқан. Осыдан кейін ол өзін қорғау мақсатында қолына май кесетін пышақты алып, сыртқа шыққанын айтты.

Дархан, балаңның денсаулығын қойып тастаймыз деген не әңгіме? Кешірім сұрадық қой. Енді не істеуіміз керек? дедім. Бұдан кейін балам “әке, қойыңыз болды, болды” деді. Бұдан соң дүкенге кіріп, пышақты қойдым деді ол.

Сот кезінде Нұрымов ұлына Абзал Шынасылдың пышақ ұрғанын көрмегенін мойындады. Ол тек Шерзаттың “папа, бірдеңе тығып алды” дегенін естігенін айтты.

“Кейін "балам, қаш" дедім. Ол қашты. Қашқанын көрдім. Пышақ тығып алды деп ойлаған жоқпын. Сүйтсем пышақ тығып алған екен. Кейін біраз жерге дейін барды да отырып қалды. Нұрғанат пен Гүлбара сол жаққа бара жатты. Мен анама қарай жүгірдім, себебі ол құлап жатты. Отырғызып, айналып барам дегенше жаңағыдай жағдайлар болған. Әйелім баласын ұрғызбай қорғаштап жатты. Анасының жылауына, өтінішіне қарамай [баламды тағы бірнеше ұрды]...Пышақты оның артқы жағынан жауырынан тығыпты. Қан ағып жатыр екен” деді ол.

Нұрымов сот кезінде “әділетті шешім күтемін, отбасымды мазаламасын, баламның қанын төккендер тиісті жазасын алсын” деді.

Қылмыстық істе 9 күдікті бар, бірі – кәмелетке толмаған. Бұған дейін басым бөлігі тағылған айыптарды мойындамайтынын айтқан.

  • 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда өзінің отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкен маңында қаза болған. Сатып алушылардың бірімен болған даудың аяғы жанжалға ұласып, ол достарын шақырып, суық қару қолданылған. Салдарынан Шерзат мерт болып, оның немере ағасы жараланған.
  • Осы оқиғадан бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі түгі қалмай өртеніп кеткен, ол түні үйде ешкім болмаған, отбасы мүшелері Шерзаттың атасының үйінде ас беруге дайындалып жатқан. Полиция өрт әдейі қойылған деп хабарлап, ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен. Наурыз айында Қазақстанның бас прокуратурасы Шерзат Полаттың үйін өртегендер әлі табылмағанын айтты.
  • Шерзат қаза тапқан оқиға кезінде оның қасында болған, пышақтан жарақат алған немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев былтыр қараша айында Полаттың отбасы тұратын Азат ауылының сырт жағында өлі табылды. Полиция "ол өзіне қол жұмсаған" деп хабарлады. Бірақ марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
  • Нұрғанат Ғайыпбаевтың жаназасы шығарылған күні Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, жүк көлігінің үстіне шығып алып, ұлы мен інісінің қазаларын әділ тергеуді талап еткен. Осыдан кейін оған "бұзақылық" бабы бойынша айып тағылып, Нұрымов 15 күнге әкімшілік қамауға алынды. Кейін оның үстінен "Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Адвокоттары Нұрымов інісінің жаназасы шығарылған күні полицияның арнаулы жасағы көлігінің дөңгелегін тесіп тастағаны үшін жауапқа тартылған деп хабарлады. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.

Your browser doesn’t support HTML5

Тоқаев Шерзат ісі туралы пікір айтты. Президент сөзіне реакция