Талдықорғанда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот жалғасты.
Судья Ержан Жанұзақов процеске қатысушы тараптарға ақпарат құралдарына сұхбат бермеуге кеңес берді.
"Сот ашық, оған ақпарат құралдары қатысып жатыр, тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Осыған байланысты жалған ақпарат тарамас үшін сотқа қатысушылардан ақпарат құралдарына сұхбат бермеуді сұраймыз. Кейбір жағдайда, заңға сәйкес бұл сотқа қысым болып саналуы мүмкін" деді Жанұзақов сот басында.
17 сәуір күнгі сотта қорғау жағы да, айыпталушылар жағы да сотты Алматы қаласында немесе Алматы облысында өткізуді сұрады. Олар жолдың қиындығы мен қымбаттығын алға тартты. Бірақ судья бұл жолы да өтінішті мақұлдамады. Ол өткен аптада Алматы облысы Қарасай ауданында тергеу изоляторы жоғын айтқан еді.
Сот кезінде Шерзат Полаттың әжесі мен анасы өздерін жайсыз сезініп, оларға жедел жәрдем көліктері шақырылды. Түстен кейінгі сот отырысына марқұмның әжесі қатысқан жоқ.
Сотта прокурор Шерзат Полаттың қалай қаза болғанын баяндады. Айыптау актісі қорғау жағының өтінішімен қайта оқылып жатқан кезде Шерзат Полаттың әкесі залдан шығып кетті.
"Тергеу болжамынша, алдымен Шынасыл оның жүрегіне пышақ сұққан – жігіт қашып кетпек болғанмен 50 метрден кейін жарақатынан әлсіреп, асфальтқа құлаған. Сосын оған Белғожаев, Ілиясов және басқалары жүгіріп барды. Белғожаев оны басынан тепкілей бастаған, содан кейін пышақ сабымен басынан бірнеше рет ұрған. Ілиясов та мылтығының дүбімен оның басынан ұрған. Осыдан кейін топ Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевқа кіріскен. Оны Шынасыл мен Сакиев пышақтаған. Ғайыпбаев ес-түссіз құлаған кезде, шабуыл жасағандардың барлығы көлікке отырып, кетіп қалған" деді прокурор.
Қылмыстық істе 9 күдікті бар, бірі – кәмелетке толмаған:
- Абзал Шынасыл - “Бұзақылық” (293-бап 3-бөлік), “Адам өлтіру” (99-бап 2-бөлігі), “Адам өлтіруге оқталу” (24-бап);
- Равиль Сакиев - “Бұзақылық” (293-бап 3-бөлік), “Адам өлтіруге оқталу” (24-бап 2-бөлігі)
- Шыңғыс Белғожаев - “Бұзақылық” (293-бап 3-бөлік);
- Дархан Әскентаев - “Бұзақылық” (293-бап 3-бөлік)
- Нұрқияс Ілиясов - “Бұзақылық” (293-бап 3-бөлік)
- Марат Тоқтаубаев - “Бұзақылық” (293-бап 3-бөлік)
- Дидар Қалиахмет - “Бұзақылық” (293-бап 3-бөлік)
- Азамат Тоқтаубаев - 293-бап 3-бөлік.
- Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған бір жасөспірімге 434-бап бойынша айып тағылған.
17 сәуір күнгі сотта олардың төртеуі бұрын сотталғаны белгілі болды.
- 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда өзінің отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкен маңында қаза болған. Сатып алушылардың бірімен болған даудың аяғы жанжалға ұласып, ол достарын шақырып, суық қару қолданылған. Салдарынан Шерзат мерт болып, оның немере ағасы жараланған.
- Осы оқиғадан бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі түгі қалмай өртеніп кеткен, ол түні үйде ешкім болмаған, отбасы мүшелері Шерзаттың атасының үйінде ас беруге дайындалып жатқан. Полиция өрт әдейі қойылған деп хабарлап, ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен. Наурыз айында Қазақстанның бас прокуратурасы Шерзат Полаттың үйін өртегендер әлі табылмағанын айтты.
- Шерзат қаза тапқан оқиға кезінде оның қасында болған, пышақтан жарақат алған немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев былтыр қараша айында Полаттың отбасы тұратын Азат ауылының сырт жағында өлі табылды. Полиция "ол өзіне қол жұмсаған" деп хабарлады. Бірақ марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
- Нұрғанат Ғайыпбаевтың жаназасы шығарылған күні Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, жүк көлігінің үстіне шығып алып, ұлы мен інісінің қазаларын әділ тергеуді талап еткен. Осыдан кейін оған "бұзақылық" бабы бойынша айып тағылып, Нұрымов 15 күнге әкімшілік қамауға алынды. Кейін оның үстінен "Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Адвокоттары Нұрымов інісінің жаназасы шығарылған күні полицияның арнаулы жасағы көлігінің дөңгелегін тесіп тастағаны үшін жауапқа тартылған деп хабарлады. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.