2024 жылдың қазан айында кісі қолынан мерт болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты Жетісу облысы Талдықорған қаласында өтіп жатқан сот процесінде 5 мамырда жеті куәгердің жауабы тыңдалып, осыған дейін әлеуметтік желіде тарап кеткен, айыпталушылардың сот залында жымиып тұрған сәті бейнеленген видео талқыланды.
Куәгерлердің бірі — Талғар қаласының тұрғыны Наргиза Низамединова сот залында 2024 жылдың қазаның айының 4-іне қараған түні айғай-шудан оянып кеткенін айтты. Терезеден қараған ол көше жақта Шерзатты бір топ адам қуып жетіп, қолмен және таяққа ұқсайтын затпен ұрып жатқанын көрген. Оның айтуынша, жасөспірімді арықша келген, қызыл бас киім киген жігіт ұрып-соққан.
Тағы бір куәгер Сәкен Әкіжанов жарылысқа ұқсайтын қатты дыбыстар мен әйел адамның айқайын естіп, бірнеше адамның жас жігітті ұрып жатқанын көргенін айтты.
Талғарда тұратын екі жас азамат, ағайынды Данияр мен Дарын Жанболатұлы сотқа берген куәлігінде оқиға кезінде басынан жараланған зардап шеккендерді және асфальттағы қанды көргенін баяндады.
Куәгерлердің жауабымен бірге бүгінгі сот отырысында бұған дейін интернетте тарап кеткен видео да талқыланды. Онда сот залындағы айыпталушылардың күлімсіреген келбеті көрінеді. Бұл жайт желі қолданушылардың сынына қалды.
Айыпталушы Нұрқияс Ілиясовтың әкесі сотта сөйлеп, судьяның сотталып жатқан адамдарды түсірмеу жөніндегі ескертуіне қарамастан біреу олардың бет-жүзі көрінген видеоны TikTok әлеуметтік желісінде жариялағанын мәлімдеді. Айыпталушылардың ата-аналары даулы видеоны сот залында отырған мобилограф түсірген болар деп топшылады.
Зардап шеккен тараптың адвокаты Мейірман Шекеев мобилограф өзімен бірге жұмыс істейтінін, бірақ әлгі видеоны ол жарияламағанын айтты. Мобилограф Алмас Марсов та даулы бейнежазбаны сол түсірген деген жорамалды жоққа шығарды.
Судья Ержан Жанұзақов осы жағдайға байланысты тексеру жүргізілетінін, нәтижесін кейінірек хабарлайтынын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шерзат Полаттың өлімі бойынша сот: Судья тараптарға БАҚ-қа сұхбат бермеуге кеңес бердіСәуір айының ортасынан бері Жетісу облысында 16 жасар Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот процесі өтіп жатыр. Бұл қайғылы оқиға 2024 жылдың қазан айында Талғар қаласында болған. Сот қарап жатқан қылмыстық істе тоғыз жас жігітке жаппай төбелеске қатысып, соның салдарынан адам өліміне себепкер болған деген айып тағылған. Олардың барлығы жасөспірімді өлтірді деген айыпты жоққа шығарған не ішінара ғана мойындаған.
Тергеу мен айыптау нұсқасы бойынша, айыпталушылар Шерзаттың отбасына тиесілі дүкен маңында төбелес бастаған. Олар алдымен жасөспірімнің әкесі мен ағасын, кейін Шерзаттың өзін де ұрып-соққан. Жергілікті тұрғындар айыпталушылардың "хуторлықтар" деп аталатын қылмыстық топпен байланысы барын айтқан. Бірақ полиция мен билік бұл өңірде ондай ұйымдасқан қылмыстық топ барын жоққа шығарды.
Адвокаттар бұл іс ұзаққа созылады деп топшылайды. Дегенмен олар қаза тапқан жасөспірімнің отбасы үшін әділдікке қол жеткізуді мақсат етіп отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоғыз айыпталушы. Талдықорғанда Шерзат Полаттың қазасы бойынша алдын ала сот өтті