Румыния премьер-министрі Марчел Чолаку 5 мамыр күні отставкаға кететінін мәлімдеп, өз партиясына үкімет құрамынан шығуды ұсынды. Оның мұндай шешім қабылдауына ел президентін сайлаудың бірінші турының қорытындысы себеп болды.
"Билік коалициясы желтоқсан айында екі мақсатпен құрылған еді: тұрақты үкімет құру, парламентте көп дауысқа ие болу және Румыния президенті лауазымына ортақ үміткер ұсыну. Біз осы міндеттердің бірін орындай алмадық. Кеше румын халқының қалай дауыс бергенін көрдік. Бұл – билік коалициясының заңды мәртебесі жоқ екенін білдіреді", – деп мәлімдеген саясаткердің сөзіне Азаттықтың Румын қызметі сілтеме жасаған.
Румыния президентін сайлаудың бірінші туры жексенбі, 4 мамыр күні өткен. Оның қорытындысы сай, "Румындарды біріктіру альянсының" жетекшісі Джордже Симион бәсекелестерінен озды. Ал билік коалициясының кандидаты Крин Антонеску үшінші орын алып, екінші турға өте алмады.
Марчел Чолаку – Социал-демократиялық партияның өкілі, бұл партия парламенттің төменгі палатасында көпшілік орынға ие. Билік коалициясы құрамынан шыққан күннің өзінде партиядан ұсынылған министрлер өз міндетін атқара береді деп мәлімдеді Чолаку.