Қазақстанның ішкі істер министрлігі шетелде соғыс қимылдарына қатысқан ел азаматтары заң алдында жауапқа тартылатынын ескертті. ІІМ елдің Қылмыстық кодексінде "Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу" (172-бап) және "Жалдамалылық" (170-бап) деген екі бап барын еске салған. Бірінші бап бойынша тоғыз жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы, екіншісі бойынша өмір бойына түрме жазасы қарастырылған.
"Ішкі істер министрлігі азаматтарға Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға және құқықтық салдары ауыр болуы мүмкін іс-әрекетке қатысудан аулақ болуға кеңес береді", — деп жазылған министрлік хабарламасында.
ІІМ бұл ескертуді украиналық блогер Владимир Золкиннің Украинадағы соғыс барысында тұтқындалған, өздерін "қазақпыз" деп атаған үш жас жігітпен сұхбатының видеосы желіде жарияланғаннан кейін жасады. Золкин сұхбаттасқан адамдардың екеуі өздерін Қазақстан азаматымыз деп, ал үшінші адам Ресейдің Қазақстанмен шектесетін облысының тумасымын, ұлтым қазақ деп таныстырған. Үш жігіттің де аты-жөні жарияланбады.
Желіде жарияланған видеода сөйлеген қазақстандықтардың бірі Ресей азаматтығы алу үшін әскери келісімшартқа қол қойғанын, бірақ оған Ресей төлқұжаты берілмегенін айтты. Ол Украинаның Луганск облысында тұтқынға түскен. Екінші қазақстандық жігіттің сөзінше, ол Донецк облысындағы Торецк қаласы үшін болған шайқас кезінде тұтқынға түсіпті.
Бұған дейін украиналық "Өмір сүргім келеді" ("Хочу жить") жобасы Украинада Ресей жағында соғысқан немесе шайқасып жатқан Қазақстан азаматтарының тізімін жариялаған еді. Тізімде 661 адамның аты-жөні аталған. Жоба деректері бойынша, 2024 жылдың аяғындағы мәлімет бойынша, ол тізімдегі 78 адам қаза тапқан деп есептеледі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алдаған, арбаған, қорқытқан. Украинада соғысқа қатысты деген 661 қазақстандықтың тізімі шықтыҚазақстан билігі 2022 жылы Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығын ашық түрде айыптаған жоқ, бірақ елдің заңдары бойынша, шетелдегі соғысқа қатысу заңсыз әрекетке жатады.
Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары Ресей қарулы күштері қатарына немесе атышулы "Вагнер" жалдамалы әскер тобына қосылып, Украинадағы соғысқа аттанған қазақстандықтар туралы біршама материал жариялаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Вагнер" тобы қатарына Қазақстаннан адам тартады. Мемлекет неге тосқауыл қоймайды?