Президент Тоқаевтың табыс декларациясы жұртқа жарияланбайды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты (оң жақта) Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қарсы алып тұр. 2024 жылдың желтоқсаны.

Қазақстан президенті болған тұлғалардың табыс декларациясы ашық ресурстарда жарияланбайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Азаттыққа жолдаған ресми жауабында осылай деген.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңға сәйкес, биыл саяси лауазымдағы адамдар, судья, депутат, министр, әкім, өзге де мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларының тапсырған табыс декларациясы ашық дереккөздерге жариялануға тиіс.

Қазақстанда мемлекеттік органдардың және квазисектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары 2021 және 2023 жылдан бастап табыс декларациясын тапсыра бастаған. Енді биыл сол декларация ашық дереккөзге шығуы керек.

"Президент лауазымы осы тізімге кірмейді", – деп жазды агенттік Азаттыққа жауабында.

Мемлекеттік кіріс комитетінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда табыс декларациясын тапсыратын мемлекеттік қызметкер саны – 580 мың. Бұған мемлекеттік қызметкерге теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары да кіреді.

Ал квазимемлекеттік сектор бойынша 2,1 млн жеке тұлға декларация өткізген.

Кіріс комитетінің мәліметінше, декларациясы ашық дереккөзге салынатын саяси және әкімшілік қызметкерлердің тізімін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі органның ұсынысымен Қазақстан президенті бекітеді.

Ал декларация деректері мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, жоғарғы соттың ресми интернет-ресурстарында жарияланатыны айтылады.

Билік табыс декларациясын жариялау – заңсыз табыспен және жемқорлықпен күрес деп санайды. Мемлекет азаматтарының қанша айлық алатынын, қосымша табыс қайдан түсетінін, банк пен үйде қанша ақша сақтайтынын, қандай мүлік-мүкәмалы барын білгісі келеді. Заңға сай, табысын жасырып қалғандарға айыппұл салынады.

Қазақстанда жалпыға ортақ декларация тәртібіне сәйкес, 2024 жылы заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары табыс декларациясын тапсырған.

Биыл қалған азаматтар табыс декларациясын тапсыруға тиіс еді. Алайда былтыр қарашада президент ұсынысынан кейін қаржы министрлігі қарапайым азаматтарды декларация тапсырудан босатқан.