Израиль Газа секторына жіберуге ондаған мың адамды әскер қатарына шақырды

Газа секторында жүрген Израиль әскери техникасы. 24 сәуір, 2025 жыл.

Израиль қарулы күштері Газа секторында ХАМАС тобына қарсы операцияларын "күшейту және кеңейту" мақсатында резервте тұрған ондаған мың адамды әскер қатарына шақыруды бастағанын хабарлады. ХАМАС тобы АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым деп танылған.

Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторында ХАМАС тобы кепілде ұстап отырған адамдарды қайтару және қарулы содырларды талқандау мақсатында "қысымды арттырып жатқанын" мәлімдеді. Әскери қызметкерлердің айтуынша, армия жоспарға сәйкес, жаңа аймақтарда әрекет етіп, ХАМАС-тың жер үстіндегі және жер астындағы бүкіл инфрақұрылымын жоюды көздеп отыр.

Бұған дейін Газадағы әскер санын ұлғайту мәселесі Израиль министрлер кабинетінің отырысында мақұлданады деп айтылған.

Халықаралық араағайындардың қатысуымен өткен келіссөздер кезінде тараптар атысты тоқтату және 2023 жылдың қазан айында Израильдің оңтүстігіне ХАМАС жасаған шабуылдан кейін радикалды топтың қолында қалған 59 израильдік тұтқынды босату жөнінде жаңа келісімге келе алмады. Қазіргі кезде сол тұтқындардың тек 24-і ғана тірі қалған болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.

Израиль ХАМАС-пен соғыстағы екі айлық бітім сәтсіз аяқталған соң 18 наурызда әскери іс-қимылды қайта бастағаннан бері бірде бір израильдік тұтқын босатылған жоқ. Содан бері Израиль Газа секторындағы үлкен аумақтарды бақылауына алып, жүздеген мың адам тағы да үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болды.

ЦАХАЛ әскери іс-қимылды қайта бастағанына байланысты гуманитарлық ұйымдар азық-түлік, су және дәрі-дәрмек тапшылығы күрт артқанын хабарлап, Израильдің әрекетін әскери қылмыс ретінде қарастыруға болатын "аштықта ұстау саясаты" деп атады. Израиль мұндай айыптауды жоққа шығарды деп ВВС хабарлады.

Йеменде әрекет ететін, Иранның қолдауына сүйенетін хуситтер тобы ЦАХАЛ-дың Газа секторындағы операциясын тоқтатуды талап етіп, 4 мамыр күні Израильді "әуе құрсауына" алып, әуежайларына қайта шабуыл жасаймыз деп қоқан-лоққы көрсетті. Сол күні таңертең хуситтер атқан зымыран Израильдің Бен-Гурион әуежайы терминалының маңына түскен еді. Шабуыл салдарынан алты адам жеңіл жараланды. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл оқиғадан кейін Израиль хуситтерге қарымта шабуылмен жауап қайтаратынын мәлімдеді.

Иранның қолдауына арқа сүйеген хуситтердің "Ансар Алла" деп аталатын тобы Йеменнің айтарлықтай бөлігін бақылауды ұстап отыр. Баллистикалық зымырандарға ие бұл топ ЦАХАЛ 2023 жылы күзде Газа секторында әскери операция бастағаннан кейін Израиль аумағына бірнеше рет зымыран атып шабуыл жасаған. Әдетте ол зымырандарды әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі атып жояды. Хуситтер, сондай-ақ, Парсы шығанағы мен Қызыл теңізде Израильмен немесе оның одақтастарымен байланысы бар деп саналған кемелерді де атқылайды. Ал Израиль Йемендегі хуситтер нысандарына шабуыл жасап, АҚШ та қосанжарласа атқылаған.