Украинаның мемлекеттік "Хочу жить" жобасы Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған 170 түркімен азаматының аты-жөнін анықтады. Тізімдегі 27 адам – соғыста қаза болған деп айтылады. Тізімдегілердің ең жасы – 20 жаста, ең үлкені 61-де.
Бұған дейін "Хочу жить" Ресей әскері қатарында соғысқан Орталық Азияның төрт мемлекетінің азаматтарының деректерін жариялаған еді. Тізімде 661 қазақстандықтың аты-жөні бар. Бұған қоса, 360 қырғыз азаматы, 931 тәжік азаматы, 1110 өзбек азаматы бар.
Украиналық жобаның есебіне қарағанда, Ресей әскері жағына Орталық Азия елдерінің кемінде 3232 азаматы қосылған.
Жоба авторларының пікірінше, Орталық Азия елдерінің азаматтарын Ресей әскеріне негізінен көп ақша береміз деп алдап немесе қысым көрсетіп соғысқа тартады.
Орталық Азия елдері Ресейдің Украинаға басып кіру мәселесінде бейтарап болуға тырысады. Олар әскери басқыншылықты тіке айыптамағанмен қолдамаған да.
Келесі аптада Орталық Азия елдерінің басшылары Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығына орай Мәскеуде өткізілетін парадқа қатысады. Бес елдің президенттері мұндай парадқа 2023 және 2024 жылы да барған.
Украинаға Ресей басқыншылығы жалғасып жатқан шақта Кремль Жеңіс күнін тойлауға ерекше мән беріп отыр. Биыл Ресей Жеңістің 80 жылдығын тойлауды ауқымды түрде атап өтуді жоспарлап отыр. Ресей билігі бұл күнді өзінің саяси мақсаттарын ілгерілету үшін пайдаланады, мысалы Украинаға қарсы басқыншылығын ақтау үшін де қолданады.