Қазақстанның Украинадағы уақытша сенімді өкілі Ермек Катренов пен консул Бауыржан Бегалимов Киевте тұтқынға түскендердің координация штабымен кездесді. Бұл туралы "Хочу жить" жобасы хабарлады.
Жобаның ақпараты бойынша, кездесу Қазақстан тарабының бастамасымен болған. Қазақстан сырты істер министрлігі мен Украинадағы елшілік бұл келіссөз туралы әзірге хабарламады.
"Хочу жить" жобасының жазуынша, қазақстандық дипломаттар Украина тарабына "Астана жалдамалылардың тергеу ісін қадағалап, өз азаматтарымен тиісті ақпараттық жұмыс жүргізетінін айтқан". Бұған қоса, Қазақстан тарабы елшілік Украинаның координация штабымен бірге жұмыс істеуге дайын екенін жеткізген.
"Хочу жить" сәуірде Ресей тарапында Украинамен соғысып жүрген қазақстандықтардың тізімін жариялаған. Тізімде 661 адамның аты-жөні болған. 2024 жылдың соңындағы дерек бойынша, олардың 78-і қаза тапқандардың қатарына енген.
Осыдан соң украиналық блогер Владимир Золкин YouTube желісіне Украина тұтқынына түскен үш қазақтың видеосын жариялаған. Екеуі Қазақстан азаматы екенін, біреу Ресейде тұратын қазақ екенін айтады. Қазақстандықтар Украинаның шығысында тұтқынға түскенін жеткізеді.
Осыдан соң Қазақстан ішкі істер министрлігі қазақстандықтар басқа елдегі соғысқа қатысса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтады. Қазақстан журналистері бұған дейін Ресей әскері қатарында соғысқа қатысқан ондаған оқиға туралы жазған. Біразы "Вагнер" жеке әскерінің қатарына қосылған.
Украиналық "Хочу жить" – Ресей әскерінің сапында соғысып жүрген ресейліктер мен шетелдіктердің қауіпсіз жолмен тұтқынға түсуге көмектесетін жоба.