"Наполеон комплексі. Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің жемқорлығы" дейтін көлемді зерттеу бес бөлімнен тұрады. Зерттеуде экс-шенеуніктің Айгүл Нұриева есімді азамат арқылы "Қазақтелеком" акциясына қалай иелік еткені айтылады. Бұл жайлы бұған дейін де айтылған. Бірақ Freedom for Eurasia мұны құжаттармен дәлелдей алдық деп отыр.
Зерттеушілер сондай-ақ Мәсімов Нұриева арқылы швециялық Telia телекоммуникация компаниясынан ондаған миллион доллар пара алған дейді. Бұдан бөлек, экс-шенеунік 97 500 евроға Наполеон Бонопарттың үш қолжазба хатын сатып алып, оны Қазақстанның Франциядағы елшілігі арқылы елге алдыртқан. Сондай-ақ АҚШ-тан бір топ дәрігер Қазақстанға арнайы келіп, Мәсімовті емдеп кеткен. Пациент бұған 313 мың доллар жұмсаған.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында қызметі өскен, соның сенімді адамы саналған Кәрім Мәсімов ресейлік астролог Павел Глобаның қызметіне жүгінгені де анықталып отыр. Freedom for Eurasia авторлары астрологтың бұл қызметіне 200 мың доллар төленгенін айтады.
Сонымен қатар зерттеуде Кәрім Мәсімов отбасы шетелдегі саяхатқа жүздеген мың доллар жұмсағаны, экс-шенеуніктің франциялық Airbus компаниясы мен Қазақстан арасындағы жемқорлық дауына қатысы бар екені, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырмақ болғаны айтылады.
Авторлар Батыс үкіметтерін Кәрім Мәсімов секілді азаматтарға санкция салуға шақырады.
КӘРІМ МӘСІМОВ ЖӘНЕ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ
Зерттеушілер Кәрім Мәсімовті Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасының басты ұйымдастырушысы деп сипаттайды. Кемі 238 адам қаза болған қанды оқиға кезінде Мәсімов Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарып тұрған.
Экс-төраға ұзақ уақыт тергеліп, "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті басып алуға оқталды" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен 18 жылға сотталды. Сот процесі жабық өтті, іс материалдары құпия сақталды. Кейін Мәсімовке қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру және аса ірі көлемде пара алу баптары бойынша іс қозғалды. Қаңтар оқиғасының үш жылдығы қарсаңында мемлекеттік "Жібек жолы" арнасы Мәсімовті шетел агенті болған, шетелдік күмәнді құрылымдармен байланысты болған деп мәлімдеді. Ол қамауда отырған сәтте экс-президент Назарбаев журналистерге "Мәсімовпен көп жыл істес болсам да, сатқын екенін білмедім" дегенді астарлап жеткізген.
Бұған дейін "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" Мәсімовтің Астананың Нұра ауданында орналасқан зәулім үйін аукционға шығарған. Алайда мүлік жоспарланған 1,8 млрд теңгеге сатылмады. Жақында сарай қала әкімдігіне әлеуметтік нысан ретінде пайдалануға берілді.
Былтыр жазда Мәсімов Тоқаевқа өтініш жазып, кешірім жасауды сұраған. Бірақ президент кешірім бермеген. Заң бойынша кешірім сұрау үшін айыпты мойындау шарт емес. Сондықтан саясаткер тағылған айыпты түгел мойындай ма, жоқ па, белгісіз.
"ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КЛЕПТОКРАТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ШЫНАЙЫ КӨРІНІСІ"
Зерттеуде айтылған көп дерек осыған дейін де жарияланған. Соның бір бөлігін Freedom for Eurasia ұйымының өзі мәлім еткен. Азаттық жаңа зерттеудің жаңалығын авторлардың бірі Томас Мейннен сұрады. Эксетер университеті университетінің зерттеушісі Томас Мейн кейінгі 12 жыл коррупцияны әшкерелеумен айналысатын Global Witness ұйымында істеген.
– Сіздің ойыңызша, зерттеудегі маңызды дерек қандай?
– Менің ойымша, бұл есеп Қазақстанда көп адам бұрыннан сезіп, бірақ нақты дәлелі болмаған, анық айтқанда, "Мәсімов жемқор болған" деген күдікті растайды. Бірақ есеп мұнымен шектелмейді. Біз ұсынған құжаттарда жемқорлықтың нақты қалай жүзеге асқаны көрсетілген. Есептегі екі ірі жаңалықтың бірі – Мәсімов 2006 не 2007 жылдары қысқа уақытқа болса да "Қазақтелеком" компаниясының тікелей акционері болғаны. Яғни ол сол кезде жай ғана делдал арқылы емес, "Қазақтелекомда" нақты үлесі бар тұлға ретінде әрекет еткен. Сондай-ақ біз сипаттаған тағы бір жайт өте күмәнді акциялар трансфері болды. Үлесті сатуды Нұриева ұйымдастырған болуы мүмкін және одан түскен 25 миллион доллар Мәсімов пен "Нұр Отан" партиясына берілген пара болуы мүмкін. Меніңше, осы екі дерек – зерттеудің өзегі. Яғни, біз есеп арқылы қазақстандықтардың бұрыннан іштен біліп жүргенін нақты құжаттармен растауға әрекет еттік.
– Есепте Айгүл "Нұриеваны Қазақстан режимінің басты прокси өкілі" ретінде сипаттайсыз. Ол тек Мәсімовтың шетелдегі активтерін басқарған сенімді тұлға ма, әлде Назарбаев отбасының байлығын да басқаруға атсалысқан ба? Сіздер оны тауып, деректер туралы сұрақ қоюға тырыстыңыздар ма?
– Нұриева бұрыннан делдал болған болуы мүмкін деген күдік бар. Есепте біз оның рөліне қатысты көп мәлімет келтірдік. Қазір оның Ұлыбританияда жүргенін білеміз, оған нақты сұрақтар жолдадық, алайда ол жауап бермеді. Есепте жазғанымыздай, Мәсімов үкіметте қызмет атқарған кезде болған жемқорлықтың өзегінде дәл Нұриева тұрған. Ол Bodam BV деген компания арқылы "Қазақтелекомға" үлескер болған. Мәсімовтың бұл компанияның тікелей үлескері болғаны анықталды. Кейін ол құрылымнан ресми түрде шыққанымен, оның тапсырмаларын сол күйі Нұриева орындап отырды. Мәсімов банк секторында істеп жүрген кезінде [Нұриевамен] танысқан болуы мүмкін деген күдік бар. Содан бері олардың достық қарым-қатынасы жақсарып, байланысы үзілмеген.
– Есепте Мәсімовтың Франциядағы қазақ елшілігі арқылы Наполеон Бонапарттың қолжазба хаттарын дипломатиялық жолмен Қазақстанға жеткізгенін жазғансыз. Бұл дерек Kazaword электрондық хаттарынан алынған ғой? Сол кезде Париждегі Қазақстан елшілігінде істеген азаматтардан не сол Мәсімовтың билігін асыра пайдаланғанын анық білген шенеуніктерден сұрап, ақпаратты дербес тексеріп көрдіңіздер ме?
– Иә, зерттеуде пайдаланған электронды хаттардың бәрін есеп соңында сілтеме арқылы көрсеттік. Әр хатты жеке ашып көруге болады. Ол кезде Жан Ғалиев есімді азамат Франциядағы елшілікте жұмыс істеген. Ол Мәсімов отбасының жеке көмекшісіндей сол хаттарды Қазақстанға жеткізуге көмектескен. Бұл – Қазақстандағы клептократиялық жүйенің шынайы көрінісі. Батыста байлар күтуші, көлік жүргізуші жалдайды. Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерді жеке шаруасына жұмсай салады. Біз Ербол Орынбаев, Жан Ғалиев (Қазақстанның бұрынғы вице-премьері Ербол Орынбаев, Қазақстанның Португалиядағы елшісі Жан Ғалиев – ред.) сияқты есепте аты аталған тұлғалардың барлығына нақты сұрақтар жолдадық. Бірақ ешқайсысы жауап бермеді. Жауап беруге мүмкіндік болды, бірақ олар үнсіз қалуды жөн көрді. Ал біз қолдан келгенше ақпараттың шынайылығына көз жеткізуге тырыстық.
– Есептегі негізгі деректердің бір бөлігі – Еркін Әмірханов деген азамат ұсынған құжаттар. Олардың ішінде банк аударымдары, ішкі хаттар және келісімшарт жобалары бар. Бұл құжаттардың түпнұсқа екеніне қалай көз жеткіздіңіздер?
– Орынды сұрақ. Әмірханов қазір өзі істеген Эскимбанктегі бұрынғы серіктестеріне қарсы соттасып жатыр. Сондықтан оның куәлігіне күмәнмен қарау – орынды. Бірақ біз оның жіберген хаттарының шынайы екендігіне көз жеткіздік. Құжаттардағы мәліметтерді ашық дереккөздерден тексере алдық. Мысалы, ол бізге төлемдер тізімі бар Excel кестесін жолдады. Онда аталған британдық компанияларды біз Ұлыбританияның Companies House базасынан тексеріп, шынымен бар екенін анықтадық. Бұл шындықтың толық дәлелі болмаса да, біз барынша терең тексеру жүргізуге тырыстық.
– Осы зерттеуде бұрын-соңды жария етілмеген дерек не құжат бар ма?
– Мәсімовтің "Қазақтелекомға" тікелей акционер болғаны – осыған дейін нақты айтылмаған дерек. Бұрын тек Нұриева оның делдалы ретінде әрекет еткен деген күдік болған. Бірақ ол бірде мұны жоққа шығарып, өзін тәуелсіз кәсіпкер екенін айтқан. Біздің құжаттар бұл қатынастың әлдеқайда терең болғанын дәлелдейді. Атап айтқанда, Нұриева 2006 жылы Эксимбанкке не оған тиесілі компанияға ["Қазақтелекомдағы"] үлесін сатпақ болған. Кейіннен "Қазақтелекомдағы" сол үлесті Клебанов иемденгені белгілі. Бірақ сол 2006 жылы 25 миллион доллар аударылғанымен компаниядағы акция үлесі өзге біреуге өтпейді. Сол тұсы күмәнді. Бұл туралы бұған дейін еш жерде жазылмады. Біз барлық құжатты жүктемеге қойдық. Құжаттарды оқырман өзі қарап, қорытынды жасай алады.
– Батыс елдері, атап айтқанда Ұлыбритания мен АҚШ үкіметі, осындай түрлі деңгейдегі дәлелдер бола тұра неге ешқандай әрекетке бармай отыр?
– Бұл жақсы сұрақ. Біз де есепте осыған жауап іздеуге тырыстық. Әрине, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыс елдері соғысқа қатысы бар ресурстарға санкция жариялады. Президент Тоқаев бұрынғы президент арқасында кей адамдар байып кеткенін ашық айтып отырғанда Ұлыбритания мен АҚШ қазіргі [қазақ] үкіметіне сол активтерді бұғаттауға көмектесуге ықылас білдіруі керек еді.
Әрине, біз билік кулуарларында не болып жатқанын білмейміз. Бірақ кейде [Батыс елдерінде] "біз өз достарымызға санкция салмаймыз" деген көзқарас бар сияқты. Қазақстан үкіметі үшін Мәсімов дос емес. Ол түрмеде отыр. Сондықтан оның және оның ықтимал делдалдарының активтерін тексеріп, бұғаттау оңайға соғар еді. Францияда, Ұлыбританияда немесе АҚШ-та Мәсімовтің атында біз білмейтін мүліктер мен банк есепшоттары болуы мүмкін. Бірақ бүгінге дейін ешкімге санкция салынбағаны өте өкінішті. Сосын біздің ойымызша, [Батыс елдерінде] Мәсімовке де, басқа бірде-бір қазақ клептократына да қатысты тергеу жоқ. Ашық дереккөздерде ондай мәлімет жоқ.
– Мәсімов Назарбаевтың ең жақын, сенімді серіктерінің бірі болды. Оны соттады, содан кейін бауыры Қайрат Сатыбалды да түрмеге түсіп, босап шықты. Неге Қазақстан билігі Назарбаевтың тікелей отбасы мүшелеріне, олардың күмәнді байлығына қатысты ешқандай ашық тергеу жүргізбей отыр деп ойлайсыз?
– Меніңше, бұл адамдар тым ықпалды. Олар өте мықты қорғауға ие. Мүмкін, олар қауіпсіздігін сақтау үшін біраз активін қайтарған да шығар. Өзім де әріптестеріммен бірге Назарбаев отбасының басқа мүшелеріне қатысты зерттеу жүргіздім. Мысалы, Дариға Назарбаеваның Ұлыбританиядағы жылжымайтын мүліктерін қарадық. Онда да өте күмәнді ақша аударымдары анықталды. Кей активтер күмәнді болса да, оларға қатысты қойылған ордер кейін сотта жойылды. Бұл күмәнді тағы да күшейтеді. [Дариға Назарбаеваға тиесілі активтер] Қазақстанда қылмыскер атанған Рахат Алиевтікі болғанын қазақстандықтар біледі. Неге ол активтер бұғатталмады? Меніңше, сол отбасы мүшелерін қорғайтындай [Ұлыбританияда] жоғары деңгейдегі қарым-қатынас бар көрінеді.
ПІКІРЛЕР