ЖАҢАЛЫҚТАР
АҚШ "діни еркіндікті бұзатын" елдер тізімін жариялады

АҚШ Мемлекеттік департаменті «азаматтардың ар-ұждан бостандығы үнемі бұзылатын» елдер тізімін жариялады. «Әлемде өте көп елде азаматтарды дін ұстану еркіндігін пайдаланғаны үшін қудалау, сотсыз жазалау және түрмеге тоғыту әлі де бар» делінген Мемлекеттік департаменттің ресми өкілі Хизер Нойерттің мәлімдемесінде.
АҚШ Конгресінің 1998 жылы қабылдаған Халықаралық дін ұстану еркіндігі туралы заңына сай, АҚШ мемлекеттік хатшысы жыл сайын «діни еркіндіктерді өрескел түрде бұзуға» қатысы бар елдердің тізімін жасап отырады.
«Ерекше алаңдаушылық тудыратын» елдер тізіміне биыл да Орталық Азиядан үш мемлекет – Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан енгізілген. Биылғы тізімге былтырғыдай Иран, Қытай, Солтүстік Корея, Мьянма (Бирма), Эритрея, Судан және Сауд Арабиясы енгізілген.
Мемлекеттік департамент мәлімдемесінде Пәкістан туралы жеке айтылады. Вашингтон бұл елдегі «діни еркіндіктердің қатты бұзылып жатқанына» алаңдайды. АҚШ-тың әлем елдеріндегі дін ұстану еркіндігі жөніндегі комиссиясының (USCIRF) төрағасы Дэниэль Марктың 4 қаңтарда жарияланған комментариінде тізімге Орталық Африка Республикасы, Нигерия, Пәкістан, Вьетнам, Сирия және Ресейді қосу керегі айтылған.
Басқа да жаңалықтар
Совет диссиденттері туралы кітап Пулитцер сыйлығын жеңіп алды

Америкалық тарихшы Бенжамин Натанстың "Үмітсіз ісіміз табысты болуы үшін" атты кітабы 2025 жылғы Пулитцер сыйлығының ғылыми-көпшілік әдебиет аталымында жеңімпаз атанды. Бұл кітап совет билігі тұсындағы диссиденттік қозғалыстың тарихына арналған. Лауреаттардың есімдері Пулитцер сыйлығының ресми сайтында жарияланды.
Совет одағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) тергеу хаттамаларына, күнделіктерге, мемуарларға, жеке хаттарға және сұхбаттарға сүйене отырып жазылған, 797 беттен тұратын кітап 2024 жылы Princeton University Press баспасынан жарық көрген. "Диссиденттер совет заңдарын совет мемлекетінің билігін тежеу үшін қолдануға бел буды. Еркін емес елде олар өздерін еркін адамдарша ұстады" деп жазылған кітап аннотациясында.
Бенжамин Натанс — АҚШ-тағы беделді білім ордаларының бірі Пенсильвания университетінің доценті. Кітап авторына Пулитцер жүлдесінің 15 мың доллар көлеміндегі ақшалай сыйақысы беріледі. Совет диссиденттері туралы бұл еңбегінен бөлек, Натанс Ресей империясындағы еврейлер тарихына арналған "Шекараның арғы бетінде" атты зерттеудің де авторы.
2024 жылы Бенжамин Натанс совет диссиденттері туралы жаңа кітабы жөнінде Азаттық радиосына берген сұхбатында:
"Олардың тарихын өздерін алдыңғы қатарға шығаратын, бірақ оларды мықты жақтарымен ғана емес, әлсіз тұстарымен де бағалайтын, көрегендігін ғана емес, соқыр сенімін де көрсететін, ал ең бастысы — оларды меніңше, лайықты орны саналатын совет контексінде қарастырып баяндағым келді", – деген еді.
• Пулитцер жүлдесі — Америкадағы журналистика, әдебиет және музыка саласындағы ең беделді сыйлықтардың бірі. Бұл сыйлық АҚШ нарығында алғаш рет жарық көрген ағылшын тіліндегі шығармаларға беріледі.
Украина сарбаздары 5 мамырда Лондонда өткен әскери шеруге қатысты

Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толуына орай дүйсенбі, 5 мамыр күні Лондонда өткен әскери парадқа Украина қарулы күштерінің сарбаздары қатысты. Бұл мереке ресми түрде 8 мамырда аталып өтеді, алайда атаулы күнге байланысты салтанатты іс-шаралар биыл ертерек басталды.
Украина әскери қызметкерлері Ұлыбритания қарулы күштерінің, Британ достастығына мүше мемлекеттер мен НАТО елдерінің сарбаздарымен бірге сап түзеп өтті. Олар король отырған арнайы мінбенің тұсынан өткен кезде Ұлыбритания патшасы III Чарльз әскери дәстүрмен сәлем беріп, құрмет көрсетті.
Лондондағы парадқа шамамен 1300 адам қатысты, олардың қатарында 11 украин сарбазы болды. Әуеде ұшқыштар тобы өнер көрсетті, ал Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан "Белфаст" кемесі мерекелік салют атты.
Парадтан кейін Букингем сарайында патша отбасы мерекелік шай ішу рәсіміне қатысты деп хабарлады ВВС. Шараға Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 50-ге жуық ардагер, олардың отбасы мүшелері мен соғыс кезеңінде өмір сүрген ұрпақ өкілдері қатысты.
Израиль Бен-Гурион әуежайына жасалған шабуылға қарымта ретінде Йемен портын бомбалады

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) дүйсенбі, 5 мамыр күні кешке Йемендегі Ходейда портына және Әл-Ходейда провинциясындағы цемент зауытына әуеден шабуыл жасағанын хабарлады. Бұл нысандар "Ансар Алла" шииттік қарулы тобы (хуситтер) бақылайтын аумақта орналасқан.
Әуе шабуылына шамамен 20 жойғыш ұшақ қатысқан. Израиль мен шабуыл жасалған нысандардың арасы шамамен екі мың шақырым. Израиль армиясы бұл шабуылды 4 мамырда хуситтер Тель-Авивтегі Бен-Гурион атындағы әуежайды зымыранмен атқылағаны үшін қарымта қайтару деп сипаттады. Ол шабуылдан бірнеше адам жараланған еді.
Әуе шабуылының салдары туралы әзірге нақты мәлімет жоқ. Израиль әскері шабуыл "террорлық инфрақұрылымды" нысанаға алды деп мәлімдеді. Хуситтер дереккөздері бұл шабуылға америкалық авиация да қатысқан деп отыр. Алайда "Әл-Жазира" арнасының Пентагондағы дереккөзі бұл мәліметті жоққа шығарған; АҚШ ресми түрде түсініктеме берген жоқ.
Президент Тоқаевтың табыс декларациясы жұртқа жарияланбайды

Қазақстан президенті болған тұлғалардың табыс декларациясы ашық ресурстарда жарияланбайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Азаттыққа жолдаған ресми жауабында осылай деген.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңға сәйкес, биыл саяси лауазымдағы адамдар, судья, депутат, министр, әкім, өзге де мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларының тапсырған табыс декларациясы ашық дереккөздерге жариялануға тиіс.
Қазақстанда мемлекеттік органдардың және квазисектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары 2021 және 2023 жылдан бастап табыс декларациясын тапсыра бастаған. Енді биыл сол декларация ашық дереккөзге шығуы керек.
"Президент лауазымы осы тізімге кірмейді", – деп жазды агенттік Азаттыққа жауабында.
Мемлекеттік кіріс комитетінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда табыс декларациясын тапсыратын мемлекеттік қызметкер саны – 580 мың. Бұған мемлекеттік қызметкерге теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары да кіреді.
Ал квазимемлекеттік сектор бойынша 2,1 млн жеке тұлға декларация өткізген.
Кіріс комитетінің мәліметінше, декларациясы ашық дереккөзге салынатын саяси және әкімшілік қызметкерлердің тізімін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі органның ұсынысымен Қазақстан президенті бекітеді.
Ал декларация деректері мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, жоғарғы соттың ресми интернет-ресурстарында жарияланатыны айтылады.
Билік табыс декларациясын жариялау – заңсыз табыспен және жемқорлықпен күрес деп санайды. Мемлекет азаматтарының қанша айлық алатынын, қосымша табыс қайдан түсетінін, банк пен үйде қанша ақша сақтайтынын, қандай мүлік-мүкәмалы барын білгісі келеді. Заңға сай, табысын жасырып қалғандарға айыппұл салынады.
Қазақстанда жалпыға ортақ декларация тәртібіне сәйкес, 2024 жылы заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары табыс декларациясын тапсырған.
Биыл қалған азаматтар табыс декларациясын тапсыруға тиіс еді. Алайда былтыр қарашада президент ұсынысынан кейін қаржы министрлігі қарапайым азаматтарды декларация тапсырудан босатқан.
БАҚ: Солтүстік Корея Ресейге 15 мыңға жуық еңбек мигрантын жіберген

Солтүстік Корея Ресейге шамамен 15 мың еңбек мигрантын жіберген. The Wall Street Journal және Reuters Оңтүстік Кореяның барлау қызметіне сүйеніп осылай деп хабарлады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Пхеньянның ядролық бағдарламаларын қаржыландыруды шектеу мақсатында енгізген санкциялар Солтүстік Корея азаматтарын шетелде жұмысқа жалдауға тыйым салады.
"Настоящее Время" басылымы Ресейдің ресми статистика мәліметтеріне сүйене отырып, 2024 жылы Ресейге кеткен солтүстіккореялықтардың саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 есе артқан деп жазды.
Солтүстік Корея азаматтарының көбі Ресейге студенттік визамен барған. "Важные истории" сайты Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметінің мәліметіне сүйеніп, 2024 жылы Ресейге 7,8 мың солтүстіккореялық азамат оқуға барған деп хабарлады — бұл 2019 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. "Медиазона" сайты атап өткендей, Ресейге Солтүстік Кореядан барған студенттер саны 2024 жылдың үшінші тоқсанынан бастап өсе бастаған. Ал 2024 жылдың сәуірінде Ресейдің Білім және ғылым министрлігі елде 130-ге жуық солтүстіккореялық студент оқып жатыр деп хабарлаған еді.
Кей деректерде Солтүстік Корея азаматтарының көбі қазір Ресейдің Қиыр Шығыс өңірінде жұмыс істеп жүргені айтылады. Жергілікті жұмыс берушілер солтүстіккореялық жұмысшыларды төмен жалақыға, күніне 12 сағат және еңбек жағдайына шағынбай жұмыс істеуге келісетіндігі үшін бағалайды.
2024 жылдың ақпан айының басында Yonhap агенттігі де барлау мәліметтеріне сүйене отырып, Солтүстік Корея жұмыс күшіне зәру Ресейге мыңдаған жұмысшы жібергенін хабарлаған. Ресейдің еңбек министрлігінің деректері бойынша, 2030 жылға қарай елде жұмыс күшінің тапшылығы қазіргі 1,5 миллионмен салыстырғанда 2,4 миллион адамға дейін жетуі мүмкін.
Солтүстік Корея жұмысшылардан бөлек, Ресейге әскери қызметкерлері мен қару-жарағын да жіберіп жатыр. Оңтүстік Корея барлау қызметінің деректеріне сәйкес, 2024 жылы Ресейге Украинаға қарсы соғысқа қатысуға 12 мың солтүстіккореялық сарбаз барған, ал биыл тағы 3 мың адам жіберілген. Сеулдің мәліметінше, Солтүстік Кореяның жалпы шығыны шамамен 4700 адам болған, соның ішінде қаза тапқаны – 600 адам. Бұл деректер ресми түрде жарияланбаған. 2025 жылдың сәуір айында Мәскеу мен Пхеньян Курск облысындағы соғыс қимылдарына солтүстіккореялық әскери қызметкерлер қатысқанын ресми түрде растады.
Украина әскері Ресейдің Курск облысына қайтадан шабуыл жасауға талпынды деген хабар тарады

Ресей армиясын қолдайтын блогерлер мен майландағы жағдайды бақылап отыратын телеграм-арналар 5 мамыр күні таңертең Украина қарулы күштері Ресейдің Курск облысындағы Глушков ауданында жаңа шабуыл жасауға әрекет еткенін жазып жатыр.
Олар Украина әскері шекараны бұзып өтпек болған, атап айтқанда, шекараға жақын жатқан Тёткино ауылы маңында шабуылға шығуға тырысқан деп хабарлады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, украиналықтар оңтүстік-шығыс бағытта — Новый путь елді мекені ауданын атқылап, Званное ауылындағы Сейм өзені арқылы өтетін көпірді қиратқан.
Телеграм-арналар Ресей әскері бөгеттерді жоюға арналған инженерлік техникалар мен өзге де құрал-жабдықтарды жойған деп хабарлады. Жергілікті пабликтер де украиналық дрондар Ресей аумағында белсенді іс-қимылға кіріскенін айтып жатыр. Курск облысы губернаторының міндетін атқарушы Александр Хинштейн дрон шабуылынан үш адам қаза тапты деп хабарлады. Оның айтуынша, екі адам Белов ауданының Щеголёк ауылы маңында, ал тағы бір адам Глушков ауданындағы Званное ауылында көз жұмған.
Қазіргі уақытта шекарада жаңа шайқастар болғанын тәуелсіз дерек көздерден растау я жоққа шығару мүмкін болмай отыр. Киев шабуыл туралы хабарға қатысты түсініктеме берген жоқ. Украина әскері былтыр 6 тамызда шабуыл бастап, Ресейдің Курск облысындағы шекара бойындағы бірқатар аумақты, соның ішінде Суджа ауданы орталығын басып алған еді. Ресей әскері жарты жылдан астам уақыттан кейін Украина күштерін өңірдің басым бөлігінен ығыстырды.
Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал Александр Сырский 5 мамыр күні Facebook желісінде Украина әскерінің Курск операциясы "көздеген мақсаттардың көбіне жетті", ал Украина күштері құрған буферлік аймақ "өзекті болып қалып отыр" деп жазды.
"Шерзат ісі" бойынша сотта "күлімсіреген айыпталушыларды" видеоға кім түсіргенін анықтап жатыр

2024 жылдың қазан айында кісі қолынан мерт болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты Жетісу облысы Талдықорған қаласында өтіп жатқан сот процесінде 5 мамырда жеті куәгердің жауабы тыңдалып, осыған дейін әлеуметтік желіде тарап кеткен, айыпталушылардың сот залында жымиып тұрған сәті бейнеленген видео талқыланды.
Куәгерлердің бірі — Талғар қаласының тұрғыны Наргиза Низамединова сот залында 2024 жылдың қазаның айының 4-іне қараған түні айғай-шудан оянып кеткенін айтты. Терезеден қараған ол көше жақта Шерзатты бір топ адам қуып жетіп, қолмен және таяққа ұқсайтын затпен ұрып жатқанын көрген. Оның айтуынша, жасөспірімді арықша келген, қызыл бас киім киген жігіт ұрып-соққан.
Тағы бір куәгер Сәкен Әкіжанов жарылысқа ұқсайтын қатты дыбыстар мен әйел адамның айқайын естіп, бірнеше адамның жас жігітті ұрып жатқанын көргенін айтты.
Талғарда тұратын екі жас азамат, ағайынды Данияр мен Дарын Жанболатұлы сотқа берген куәлігінде оқиға кезінде басынан жараланған зардап шеккендерді және асфальттағы қанды көргенін баяндады.
Куәгерлердің жауабымен бірге бүгінгі сот отырысында бұған дейін интернетте тарап кеткен видео да талқыланды. Онда сот залындағы айыпталушылардың күлімсіреген келбеті көрінеді. Бұл жайт желі қолданушылардың сынына қалды.
Айыпталушы Нұрқияс Ілиясовтың әкесі сотта сөйлеп, судьяның сотталып жатқан адамдарды түсірмеу жөніндегі ескертуіне қарамастан біреу олардың бет-жүзі көрінген видеоны TikTok әлеуметтік желісінде жариялағанын мәлімдеді. Айыпталушылардың ата-аналары даулы видеоны сот залында отырған мобилограф түсірген болар деп топшылады.
Зардап шеккен тараптың адвокаты Мейірман Шекеев мобилограф өзімен бірге жұмыс істейтінін, бірақ әлгі видеоны ол жарияламағанын айтты. Мобилограф Алмас Марсов та даулы бейнежазбаны сол түсірген деген жорамалды жоққа шығарды.
Судья Ержан Жанұзақов осы жағдайға байланысты тексеру жүргізілетінін, нәтижесін кейінірек хабарлайтынын айтты.
Сәуір айының ортасынан бері Жетісу облысында 16 жасар Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот процесі өтіп жатыр. Бұл қайғылы оқиға 2024 жылдың қазан айында Талғар қаласында болған. Сот қарап жатқан қылмыстық істе тоғыз жас жігітке жаппай төбелеске қатысып, соның салдарынан адам өліміне себепкер болған деген айып тағылған. Олардың барлығы жасөспірімді өлтірді деген айыпты жоққа шығарған не ішінара ғана мойындаған.
Тергеу мен айыптау нұсқасы бойынша, айыпталушылар Шерзаттың отбасына тиесілі дүкен маңында төбелес бастаған. Олар алдымен жасөспірімнің әкесі мен ағасын, кейін Шерзаттың өзін де ұрып-соққан. Жергілікті тұрғындар айыпталушылардың "хуторлықтар" деп аталатын қылмыстық топпен байланысы барын айтқан. Бірақ полиция мен билік бұл өңірде ондай ұйымдасқан қылмыстық топ барын жоққа шығарды.
Адвокаттар бұл іс ұзаққа созылады деп топшылайды. Дегенмен олар қаза тапқан жасөспірімнің отбасы үшін әділдікке қол жеткізуді мақсат етіп отыр.
Қапшағай су қоймасы екінші жыл қатарынан лық толды

Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы осымен екінші жыл қатарынан суға толды. Бұл туралы бүгін Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Қазір Қапшағай су қоймасында шамамен 18,5 млрд текше метр су жиналды. Былтыр су қоймасы кейінгі 10 жылда алғаш рет 100 пайыз суға толған болатын. Су қоймасының толуы облыстағы Ақдала және Шеңгелді суармалы алқаптарын сумен толықтай қамтуға мүмкіндік береді", – деді баспасөз қызметі.
Министрлік Қазақстан жағы трансшекаралық өзендерге, соның ішінде Іле өзеніне қатысты мәселелер бойынша қытайлық әріптестерімен тұрақты байланыста екенін айтады.
"Бірлескен жұмыстың арқасында қатарынан екінші жыл бойы Алматы облысының диқандары суармалы сумен толық қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар Балқаш көлі бассейніндегі экологиялық жағдай да жақсарып келеді", - дейді Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының басшысы Серік Мейрамбеков.
Жыл басынан бері Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне 3,8 млрд текше метр су жіберілген, былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 2,9 млрд текше метр болған еді.
"Су мол берілуінің арқасында бір жылдың ішінде Балқаш көлінің деңгейі 12 сантиметрге көтеріліп, Балтық жүйесі бойынша 341,52 метрден 341,64 метрге жетті. Ал көлдегі су көлемі 2 млрд текше метрге ұлғайды", - деді су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Қапшағай су қоймасына Қытайдан бастау алатын Іле өзені келіп құяды.
Чехияға сапармен барған Зеленский Мәскеуге қысымды күшейтуге үндеді

Жексенбі, 4 мамыр күні Прагада ресми сапармен жүрген Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен атысты тоқтату кез келген сәтте мүмкін екенін мәлімдеді. Ондай мүмкіндік іске асуы үшін ол Киевтің одақтастарын Мәскеуге қысымды күшейтуге үндеді.
Чехия президенті Петр Павелмен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Зеленский егер Ресейге айтарлықтай қысым көрсетілмесе, онда Ресей басшысы Владимир Путин соғысты тоқтатуға ешқандай нақты қадам жасамайды деп мәлімдеді.
"Ресей тіпті атысты тоқтату туралы АҚШ ұсынысын да елемегеніне бүгін 54 күн болды", – деді Украина президенті. Ол мұндай келісім кемінде 30 күнге жалғасуы қажет екенін, "өйткені бұл дипломатияға шынайы мүмкіндік беретінін" атап өтті.
Чехия президенті Петр Павел Ресей әзірге соғысты тоқтатуға ешқандай нышан байқатып отырмағанын айтты. "Егер соғысты тоқтатуға қажет картаның бәрі біреудің қолында болса, ондай адам – президент Путин. Ол мұны жалғыз-ақ шешіммен іске асыра алады," – деді Павел журналистердің қойған сұрағына берген жауабында.
Өткен аптада Ресей президенті Екінші дүниежүзілік соғыстағы Совет одағы мен оның одақтастарының нацистік Германияны жеңуінің 80 жылдығын тойлауға байланысты 8-10 мамыр аралығында атысты үш күнге тоқтату туралы ұсыныс жариялаған болатын. Зеленский Путиннің бұл ұсынысын мағынасыз деп атап, оның орнына АҚШ наурызда ұсынғандай, атысты кемінде 30 күнге ешқандай шартсыз тоқтатуға шақырды.
Зеленский Чехия президентімен кездесуден кейін Telegram арнасында Украина мен Чехия F-16 жойғыш ұшақтарының ұшқыштары мен авиация техникаларын даярлайтын оқу орталығын құратынын хабарлады.
Ресей 2002 жылдың ақпанында Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғысын бастағаннан бері Чех үкіметі Киевке қолдау көрсетіп келеді. Прага украин әскерін ірі калибрлі оқ-дәрімен қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық бастамаға жетекшілік етіп отыр. Петр Павелдің айтуынша, былтыр Украинаға 1,6 миллион осындай оқ-дәрі жеткізілген. Владимир Зеленский бұл бағдарлама аясында 2025 жылы 1,8 миллион снаряд алу жоспарда барын айтты.
• Украина президенті зайыбы Елена Зеленскаямен бірге Чехияда ресми сапарда жүр. 5 мамыр күні Зеленский чех қорғаныс өнеркәсібі компанияларының өкілдерімен кездеспек.
• 2025 жылы наурыз айында Чехия президенті, бұрын НАТО-ның әскери комитетінің төрағасы болған Петр Павел Украинаға сапармен барған.
Израиль Газа секторына жіберуге ондаған мың адамды әскер қатарына шақырды

Израиль қарулы күштері Газа секторында ХАМАС тобына қарсы операцияларын "күшейту және кеңейту" мақсатында резервте тұрған ондаған мың адамды әскер қатарына шақыруды бастағанын хабарлады. ХАМАС тобы АҚШ пен Еуроодақта террористік ұйым деп танылған.
Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторында ХАМАС тобы кепілде ұстап отырған адамдарды қайтару және қарулы содырларды талқандау мақсатында "қысымды арттырып жатқанын" мәлімдеді. Әскери қызметкерлердің айтуынша, армия жоспарға сәйкес, жаңа аймақтарда әрекет етіп, ХАМАС-тың жер үстіндегі және жер астындағы бүкіл инфрақұрылымын жоюды көздеп отыр.
Бұған дейін Газадағы әскер санын ұлғайту мәселесі Израиль министрлер кабинетінің отырысында мақұлданады деп айтылған.
Халықаралық араағайындардың қатысуымен өткен келіссөздер кезінде тараптар атысты тоқтату және 2023 жылдың қазан айында Израильдің оңтүстігіне ХАМАС жасаған шабуылдан кейін радикалды топтың қолында қалған 59 израильдік тұтқынды босату жөнінде жаңа келісімге келе алмады. Қазіргі кезде сол тұтқындардың тек 24-і ғана тірі қалған болуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.
Израиль ХАМАС-пен соғыстағы екі айлық бітім сәтсіз аяқталған соң 18 наурызда әскери іс-қимылды қайта бастағаннан бері бірде бір израильдік тұтқын босатылған жоқ. Содан бері Израиль Газа секторындағы үлкен аумақтарды бақылауына алып, жүздеген мың адам тағы да үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болды.
ЦАХАЛ әскери іс-қимылды қайта бастағанына байланысты гуманитарлық ұйымдар азық-түлік, су және дәрі-дәрмек тапшылығы күрт артқанын хабарлап, Израильдің әрекетін әскери қылмыс ретінде қарастыруға болатын "аштықта ұстау саясаты" деп атады. Израиль мұндай айыптауды жоққа шығарды деп ВВС хабарлады.
Йеменде әрекет ететін, Иранның қолдауына сүйенетін хуситтер тобы ЦАХАЛ-дың Газа секторындағы операциясын тоқтатуды талап етіп, 4 мамыр күні Израильді "әуе құрсауына" алып, әуежайларына қайта шабуыл жасаймыз деп қоқан-лоққы көрсетті. Сол күні таңертең хуситтер атқан зымыран Израильдің Бен-Гурион әуежайы терминалының маңына түскен еді. Шабуыл салдарынан алты адам жеңіл жараланды. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл оқиғадан кейін Израиль хуситтерге қарымта шабуылмен жауап қайтаратынын мәлімдеді.
Иранның қолдауына арқа сүйеген хуситтердің "Ансар Алла" деп аталатын тобы Йеменнің айтарлықтай бөлігін бақылауды ұстап отыр. Баллистикалық зымырандарға ие бұл топ ЦАХАЛ 2023 жылы күзде Газа секторында әскери операция бастағаннан кейін Израиль аумағына бірнеше рет зымыран атып шабуыл жасаған. Әдетте ол зымырандарды әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі атып жояды. Хуситтер, сондай-ақ, Парсы шығанағы мен Қызыл теңізде Израильмен немесе оның одақтастарымен байланысы бар деп саналған кемелерді де атқылайды. Ал Израиль Йемендегі хуситтер нысандарына шабуыл жасап, АҚШ та қосанжарласа атқылаған.
Баку әзербайжандық депутатты кіргізбей қойған Ресейден түсініктеме талап етті

Әзербайжан парламентінің депутаты Азер Бадамовтың Ресей астанасындағы әуежайда ұсталуына байланысты Баку Мәскеуден ресми түсініктеме беруді талап етті. Әзербайжандық басылымдардың хабарлауынша, Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айхан Гаджизаде Бадамовтың Мәскеу арқылы Астраханьға ұшып бара жатқанда Внуково әуежайында ұсталып, Астраханьға ұшатын рейске жіберілмегені туралы ақпаратты растаған. Ресейлік билік өкілдері Бадамовқа Ресейге кіруге тыйым салынғаны хабарлап, кейінірек оны Бакуге кері жөнелткен.
Гаджизаденің айтуынша, Ресей тарапы кіруге тыйым салу туралы шешімді алдын ала ескертпестен және түсіндірместен қабылдаған. Әзербайжан сыртқы істер министрлігінің өкілі депутаттың Астраханьға Әзербайжанның бұрынғы президенті Гейдар Әлиевтің туғанына 102 жыл толуына арналған іс-шараға қатысатын делегация құрамында бара жатқанын айтты. Бұл сапар Астрахань облысы губернаторының орынбасары Денис Афанасьевтің шақыруымен ұйымдастырылған.
Гаджизаденің сөзінше, Ресей СІМ өкілі бұл мәселеге байланысты тергеу жүргізілетінін мәлімдеген, бірақ кіруге тыйым салу шешімінің себептері туралы ешқандай түсініктеме бермеген. Баку бұл әрекетті Ресей тарапынан достыққа жат қадам ретінде бағалап отыр.
Әзербайжандық 1news жаңалық агенттігі Бадамовқа Ресейге кіруге тыйым салынуына оның Ресей мемлекеттік думасының депутаты Николай Валуевке қатысты айтқан сөздері себеп болуы мүмкін деп топшылайды. Бұған дейін Әзербайжан Валуевті "қара тізімег" енгізген. Себебі Валуев телеграм-арнасында Бакудегі "Орыс үйі" ұйымының жабылуына байланысты білдірген пікірінде әзербайжандарды қорлайтын сөз қолданған деген ақпарат тараған. Бұған жауап ретінде Бадамов Facebook парақшасында: "Егер орташа есеппен алғанда "тобырдың" өкілі қандай екенін суреттеп көрсету керек болса, Николай Валуевтің портреті оған ең жақсы мысал болады. Бұл тіршілік иесінің антропологиялық түріне қарап-ақ эволюцияның тұйыққа тірелген тармағының сирек кездесетін үлгісі екеніне көз жеткізуге болады", – деп жазған-ды.
Ақпан айының басында Әзербайжан билігі Бакудегі Россотрудничество өкілдігі – "Орыс үйі" жабылғанын мәлімдеді. Бұл оқиға Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері атып түсірген әзербайжандық жолаушы ұшағының апатынан кейін екі елдің қарым-қатынасы күрт суып кеткен шақта болған еді.
Жақында Әзербайжан парламентінің шетелдің килігуіне қарсы іс-әрекет жөніндегі комиссиясының төрағасы Рамид Намазов ақпан айында Әзербайжанның бірқатар басылымдарына жасалған кибершабуылға Мәскеумен байланысы бар Cozy Bear атты хакерлер тобын айыптады.
Бірқатар елдердің үкіметтері мен журналистік зерттеулер Cozy Bear хакерлер тобын Ресейдің сыртқы барлау қызметімен байланыстырады. Бұл топты бірнеше елдің мемлекеттік органдарына және инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға қатысы бар деп айыптаған. Әдетте Мәскеу ондай айыптауларға мән бермейді немесе оларды жоққа шығарады. Әзербайжан жағынан айтылған кейінгі айыптауларға да Ресей ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Трамп Украина мен Ресейді бейбіт келісімге көндіру жайын тұспалдап айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп 4 мамырда NBC News арнасынан көрсетілген сұхбатында Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату туралы бейбіт келісімге қол жеткізуге болады деп сенетінін айтты.
Киев пен Мәскеу бейбіт келісімге келуге қаншалықты жақын тұр деген сұраққа АҚШ президенті "үмітім бар" деп жауап қатты. "АҚШ бұл мақсатқа жетуге тараптардың бірімен жақын, ал екіншісімен онша жақын емес" деді Трамп. Алайда ол Ресей мен Украинаның қайсысын меңзегенін нақтыламады. Бұған қоса Трамп соғысушы тараптар өшпенділік кесірінен бейбіт келісімге қол жеткізе алмауы да мүмкін екенін айтты.
"Мұнда үлкен өшпенділік бар, біз екі кісінің (Украина мен Ресейдің президенттерін меңзеген сияқты – ред.) арасындағы өшпенділік жайлы айтып отырмыз, сондай-ақ кейбір сарбаздардың, шынын айтқанда, генералдардың арасында да ондай бар, олар үш жылдан бері соғысып жатыр", – деді Дональд Трамп.
Келіссөздер процесінен шығу жайлы шешімді қашан қабылдауыңыз мүмкін деген сұраққа Трамп ондай уақыт [бейбіт келісімге көндіру әрекетінен] ештеңе өнбейтінін түсінген кезде келеді деп жауап берді. АҚШ президенті ондай күн туса оларға "ақымақ болуды жалғастыра беріңдер" деп айтамын деді. Ол тіпті бірнеше рет солай жасауға оқталғанын, бірақ кейіннен оң өзгерістер байқалғанын айтты.
Жексенбі күні NBC News арнасынан көрсетілген сұхбатында Дональд Трамп Ақ үйдегі билік басына үшінші мерзімге қайта сайлануға "жеткілікті қолдауы" бар болғаныменр, ондай мүмкіндікті шындап қарастырмайтынын да айтты. "Бұл мен қалаған нәрсе емес", – деді Трамп өзімен сұхбат құрған Кристен Уэлкерге. АҚШ президентінің сөзінше, ол "керемет төрт жыл өткізіп, билікті ұлы бір республикашылға тапсыруды" мұрат тұтады. Сұхбат барысында Трамп вице-президент Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубионың жақсы жұмыс істеп жатқанын атап өтті, бірақ "мұрагер туралы айтуға әлі ерте" деді.
- Өткен аптада АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс Вашингтон Украина мен Ресей арасындағы қатынасты бейбіт реттеуге қатысты ұстанымын өзгертіп жатыр және АҚШ бұдан былай келіссөзге араағайын болу үшін "бірінші шақырту алысымен жахан кезіп ұша жөнелмейді" деп мәлімдеген. Брюстің сөзінше, мемлекеттік хатшы Марко Рубио АҚШ-тың қатысу форматы өзгеретінін ашық айтқан, дегенмен бейбіт бастамаларға қолдау көрсетіле бермек. Кейінгі апталарда Рубио, вице-президент Джей Ди Вэнс және Трамп АҚШ бұдан былай келіссөздерде белсенді араағайын болмауы мүмкін екенін бірнеше рет айтқан.
- АҚШ Конституциясының 22-түзетуінде: "Ешкім президент қызметіне екі реттен артық сайлана алмайды" деп жазылған. Трамп қазір президент ретінде екінші мерзімінде қызмет атқарып жатыр. Алайда наурыз айында ол президенттікке қайта келу жайлы сөз болған кезде "мен қалжыңдап отырған жоқпын" деп мәлімдеген еді. Ол кезде Трамп түсініктеме бермей, "ондайға мүмкіндік беретін әдістер барын" да айтқан.
Орда сайты Қазақстан аумағында бір жабылып, қайта ашылды

Orda сайты Қазақстан аумағында бір жабылып, қайта ашылды. Сайттың жабылғанын 4 мамырда күндіз сайттың басшысы журналист Гүлнар Бажкенова хабарлады.
“Елімізден басқа аумақта сайтымыз ашылып тұр. Сайттың қазақша және ағылшынша нұсқалары қалыпты істеп тұр” деп жазды ол Facebook-та.
Оның сөзінше, редакция мәселені шешуге шамасыз. “Бәрі ықпалды лауазымды тұлғаларға байланысты” деді ол.
Журналист ҚазТАГ агенттігіне сайтпен проблема 3 мамыр кеште басталғанын, сол кезде бір ашылып, бір ашылмай тұрғанын, ізінше мүлде жабылып қалғанын айтты. Ол мұны редакцияның "тәуелсіз" саясатымен байланыстырып, "жарты жылдан бері келіссөз жағдайында" өмір сүріп жатқанын айтты. Бірақ нақты кіммен не жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын нақтыламады.
"Егер бәрін айтсам, мені мүлде жауып тастай ма деп қорқамын. Бірақ бұл белгілі бір мақалалармен тіке байланысты емес, мұның барлығы маған қатысты" деді Орда жетекшісі.
Жексенбі күндіз сайттың ашылмай тұрғанын Азаттық тілшісі де байқады. Интернет веб-ресурс бірнеше провайдерден ашылмай тұрды, бірақ VPN-мен оңай ашылып тұрды.
Уәкілетті органдар ақпаратқа түсініктеме бермеді.
ҚазТАГ-тың жазуынша, Бажкенова кейін мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдерінің редакцияға хабарласып, мәселені шешуге көмектесетіндіктерін айтқан. Orda сайты қазір ашылып тұр.
Қазақстанда ақпарат құралдарының сайттары мен әлеуметтік желілердің жұмысы баяулауы немесе ашылмай қалғаны жөнінде ақпарат шығып тұрады. "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының мәліметінше, кейінгі айларда елде TikTok жұмысы баяулап, "Ахуал сегодня" YouTube арнасының контенті шектелген.
Freedom House халықаралық адам құқықтары ұйымының "Интернет еркіндігі" есебінде Қазақстан тағы да "интернеті еркін емес ел" қатарында аталған. Кейінгі бір жылда Қазақстан "интернет пайдалану", "контентті шектеу" және "қолданушы құқығын бұзу" жөнінен бұрынғыдан еш өзгермеген.
Путин: Украинада "ядролық қару қолдануға қажеттілік болған жоқ"

Украинадағы соғыс барысында "ядролық қару қолдануға қажеттілік болмады". Ресей президенті Владимир Путин "Россия" мемлекеттік телеарнаның тілшісі Павел Зарубинге берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді. Зарубин өзінің телеграм-арнасында Путиннің билікте отырғанына 25 жыл толуына орай түсірілген фильмнен үзінді жариялаған. Фильм жексенбі күні кешке көрсетілмек.
Путиннің айтуынша, соғыс барысында Ресейдің "қателескенін қалап, оны арандатқысы келгендер" болған. Оның сөзінше, Украинадағы соғысты "Ресейге қажет нәтижемен" "қисынды түрде соңына" дейін жеткізуге Ресейдің шамасы бар және ол үшін "ядролық қаруды қолданудың" қажеті жоқ.
Путин сонымен бірге болашақта "орыс халқының украиндық бөлігімен" (сұрақтың өзі солай құрылған және Путиннің өзі де бұған дейін украиндар мен орыстарды "бір халық" санайтынын білдірген) табысу қажеттігін де мәлімдеді.
Сұхбат 27 наурызда жазылған.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Путин ядролық қару қолдану мәселесін бірнеше рет айтқан және оны "қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет ең соңғы амал" деп атаған. Былтыр Ресей ядролық қаруды пайдалану мүмкіндігін кеңейтетін өзінің ядролық доктринасына өзгеріс енгізген. Жаңа доктринаға сәйкес, мысалы, Ресей аумағы ядролық емес қарумен жаппай атқыланған жағдайда және тіпті мемлекеттің өмір сүруіне қатер төнбесе де, осы жағдай ядролық қару қолдануға негіз бола алады.
Батыс ақпарат құралдарының жазуынша, атап айтқанда Financial Times дереккөздерге сүйене отырып, 2022 жылы күзде Ресей әскері шегінген кезде Ресейдің ядролық қару қолдануы мүмкін екенін жазған. Мәскеуді ядролық қару қолданудан сол кезде Қытай айнытқан деп айтылады, мұны АҚШ-ты сол кездегі мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де айтқан.
Йемен ракетасы Израильдің Бен-Гурион әуежайы маңына құлады

Йемен ұшырған баллистикалық ракета жексенбі күні таңертең Израильдегі Бен-Гурион халықаралық әуежайы маңына түсті. Израиль ақпарат құралдарының хабарлауынша, кемінде бір адам зардап шеккен. Автомобиль жолы бүлінген. Жергілікті ақпарат құралдары жарылыс болған орындардан видео жариялады.
Израильдің қорғаныс әскері ракетаны атып түсіруге тырысқанмен әуежай маңына түскенін растады. Ведомствоның ресми мәлімдемесінде оқиға зерттеліп жатқаны айтылған.
Әуежай жұмысын тоқтатты.
Йеменнің едәуір бөлігін бақылайтын және баллистикалық ракеталары бар ираншыл "Ансар Алла" (хуситтер) тобы бұған дейін Газа секторында әскери қимылды тоқтатуды талап етіп, Израиль аумағына талай ракета жіберген. Әдетте мұндай ракеталарды әуе қорғаныс жүйесі атып түсіреді.
Хуситтер сонымен бірге Араб шығанағы мен Қызыл теңізде Израиль мен оның одақтастарына қатысы бар кемелерді атқылайды. Өз кезегінде Израиль де Йемендегі хуситтердің нысандарына соққы жасаған.
ПІКІРЛЕР