Қазақстандықтар наурыз мерекесін осы айдың 22-сі күтсе, Батыс аймақтарда бұл мереке бір апта бұрын – 14 наурызда басталады. Бұл күнді маңғыстаулықтар «амал», «көрісу күні» деп атап, наурызды тойлай бастайды.
Маңғыстаудағы көрісу күні

1
«Амал келді» деп білетін маңғыстаулықтар жыл сайынғы дәстүр бойынша биыл да дәл осы күні Ақтаудан 130 шақырымдағы Отпан тауының басына жиналды.

2
«Амал» маңғыстаулықтар үшін «аман-есен тағы бір жасқа жеттік» деп көрісуден, жасы кішілер жасы үлкендерге барып амандасудан басталады.

3
Егер бұл күні кіші үлкенге, ағайын-туыс бір-біріне барып, қол алысып, төс түйістіріп көріспесе, аман-саулық сұрасып, келесі жылға аман жетуді тілемесе үлкен айыпқа, ренішке қалғаны.

4
Амал мерекесіне жиналған жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаугершілік заманда Отпан таудың басына от қою арқылы жау шапқаны жайлы белгі берілетін болған.

5
Сол тұста Маңғыстау аймағын мекен еткен халықтың бала-шағасы, қариялары қауіпсіз жерге жасырынып, басқалары жауға қарсы шабуылға шыққан.

6
Бүгін Отпан таудың етегінде киіз үй тігілді. Ол жерге арнайы апаратын көліктер Ақтаудан қатынады. Жиналған жұрт концерт көріп, бәйге мен көкпар тамашалады.

7
Жиналған қауым киіз үйлерге кіріп ас ішті, бір-біріне тілек айтты. Әр киіз үйде өнерпаздар ән айтып, күй тартып жатты.

8
Амал мейрамы өткен Отпан таудың басы қазір мәдени кешенге айналған. Ол жерде биіктігі 37 метрлік Адай ата ескерткіші тұр. Оның екі қапталын ала екі жебе-мұнара орналасқан. Көне көз қариялар ол адайдың Құдайеке және Келінберді деген ұлдарының символы дейді. Оны айнала орналасқан сегіз құлпытас сегіз немересіне арналған.